Өңірлер рейтингі: өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар

2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне 715,7 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,5%-ға көп. Жалпы өсім тұрақты болғанымен, инвестициялар бүкіл ел бойынша біркелкі емес, тек бірнеше өңірге шоғырланған. Economykz мәліметінше еліміздегі 20 өңірдің 9-ында өсім жоқ.
Көшбасшы өңірлер
Жамбыл облысы 170,2 млрд теңгемен және елдегі 23,8% үлесімен көш бастап тұр. Мұнда қытайлық «Fufeng Group» инвесторларының 800 млн долларлық жүгері өңдеу зауыты салынуда, алайда жылдың екінші жартысында инвестиция игеру қарқыны бәсеңдеуі мүмкін.
Екінші орында 86,3 млрд теңгемен Алматы облысы орналасқан. Өңірде 73,7% өсім байқалады және «Carlsberg Kazakhstan» сусындар зауытының құрылысы қызу жүріп жатыр.
Үшінші орынға 68,3 млрд теңгемен Қарағанды облысы көтерілді. Инвестиция көлемі азайғанымен, өңір бұрынғы өнеркәсіптік базаның арқасында алдыңғы қатарда тұр, сондай-ақ мұнда ресейлік «ТехноНИКОЛЬ» зауытының құрылысы басталған көрінеді.
Төртінші орындағы Атырау облысы 67,1 млрд теңге тартып, 256,4% өсім көрсетті. Инвестицияның негізгі бөлігі әлі алда болғандықтан, жыл соңына қарай бұл өңір позициясын одан әрі күшейте түспек. Ал Қостанай облысы даму институттары берген жеңілдетілген несиелердің арқасында 12-орыннан 5-орынға бір-ақ көтеріліп, 58,2 млрд теңге тартты. Бұл қаржы негізінен автоөнеркәсіп пен металлургияға бағытталған.
Басқа маңызды өзгерістер мен артта қалғандар
Ақтөбе облысы 18-орыннан 8-орынға күрт көтеріліп, үлкен серпіліс жасады. Бұған қытайлық «West China Cement» компаниясымен бірлесіп салынып жатқан 120 млрд теңгелік ірі цемент зауыты себеп болды. Ерекшелігі сол, жоба несиеге емес, кәсіпорынның өз қаражатына салынуда. Астана мен Алматы ірі экономикалық орталықтар болғанымен, өнеркәсіптік инвестиция тарту бойынша көрсеткіштері өте төмен деңгейде қалып отыр. Ал Қызылорда, Абай, Маңғыстау, Жетісу және Ұлытау облыстары тізімнің соңында орналасқан. Әсіресе, шикізатқа бай Маңғыстау облысында мұнай-газды терең өңдеуге құйылып жатқан қаржы өте аз, оның үлесі небәрі 1,1%-ды құрайды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның өнеркәсібіне инвестиция тартатын үш негізгі қозғалтқыш бар: мемлекеттік бюджет, даму институттарының жеңілдетілген несиелері (квазимемлекеттік сектор) және қытай капиталы. Жергілікті жеке бизнес пен басқа (қытайлық емес) шетелдік инвесторлар ірі өнеркәсіпке қаржы құюға әзірге сақтықпен қарауда.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы төрт айында Астананың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 588 млрд теңгені құрады