Қазақстан мен Ресей шекарасында ұзын-сонар кептеліс пайда болды

Ақтөбе облысындағы Сагарчин өткізу бекетінде көліктерден бірнеше шақырымға созылған кезек қалыптасты.
КТК ақпаратына қарағанда, адамдар аптап ыстықта бірнеше сағат бойы күтуге мәжбүр.
Қазір негізгі көлік ағыны Ресей жағынан келіп жатыр. Өйткені, Орталық Азия елдерінің мыңдаған азаматы Құрбан айт мерекесіне орай үйлеріне қайтып жатқан көрінеді.
Көлік көптігінен кейбір адамдар ұзақ күтуді көтере алмай, көліктерін кезекте қалдырып, шекарадан жаяу өтіп жатыр. Кейін олар такси іздеуге тура келген. Қазақстандық қызметтердің мәліметінше, мәселе негізінен Ресей жағында туындаған.
Жағдайды жүк және жеңіл көліктерге арналған бөлек жолақтардың болмауы да қиындатып отыр. Мемлекеттік кірістер департаментінің дерегіне сәйкес, Құрбан айт алдындағы қарбаласқа байланысты шекарадағы көлік легі айтарлықтай артқан.
Билік өкілдері шекарадағы жағдай жақын уақытта реттеліп, кептеліс азаяды деп сендірді.
Аайта кететін жайт, аусыл індетінің таралуына орай Қазақстан Қытай және Ресеймен шекарада бақылауды күшейткен болатын.