Ресейде шетелге қашқандардың мүлкін тәркілеуге рұқсат беретін заң қабылданады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев
shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

26 мамырда Ресей Мемлекеттік думасы елден кеткендердің, саяси баптар бойынша сотталғандардың мүлкіне тыйым салатын заң жобасын қабылдады.

Новая Газета ақпаратына қарағанда, бұл заң релоканттардың мүлкін тәркілеуге мүмкіндік береді. Құжатта армияны «дискредитациялау», фейк тарату, сөз бостандығын теріс пайдалану, шетел агенттері туралы заңды бұзу және нацистік символиканы насихаттау секілді әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған.

Заң жобасына сәйкес, мұндай азаматтардың әкімшілік жауапкершіліктен жалтармауы үшін олардың мүлкіне тыйым салынуы мүмкін. Түзетулер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілмек.

Аталған заң жобасы 2024 жылдың қазанында ұсынылған. Оның авторлары – Мемлекеттік дума депутаты Айрат Фаррахов пен Татарстан Республикасының Мемлекеттік кеңесі. Құжат алғашқы оқылымда 2025 жылдың мамырында қабылданғанымен, екінші оқылымға арналған түзетулер тек бір жылдан кейін дайындалған.

Айта кететін жайт, Қазақстанда Ресей азаматтығынан бас тартып жатқандар көбейген. Соңғы үш айда РФ елшілігі арқылы 13 адам көрші елдің азаматтығын алуға өтініш берсе, 121 адам бас тартуға өтініш берген. 

Сондай-ақ оқыңыз