Ризабек Айтмұхан бастаған балуандар Азия чемпионатында 22 медаль жеңіп алды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: olympic.kz

Вьетнамның Дананг қаласында күрес түрлерінен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті. Бозкілемде бағы мен бабын сынаған отандық балуандар ел қоржынына 7 алтын, 10 күміс және 5 қола, барлығы 22 медаль салды.

Еркін күрес

Еркін күрес шеберлері Дананг бозкілемінде нағыз ерлік көрсетіп, 4 алтын медальді қанжығаға байлады. Әсіресе, ең ауыр салмақта белдескен Ризабек Айтмұхан (125 келіге дейін) қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, Азия чемпионатының алтынын иеленді. Сонымен қатар, Нұрданат Айтанов, Майис Алиев және Нұрдәулет Сейілбеков те өз салмақтарында теңдессіз екендіктерін дәлелдеді.

Грек-рим күресі

Классикалық күрес шеберлері де ел намысын лайықты қорғады. Грек-рим күресінен ұлттық құрама қоржынға 2 алтын және 4 күміс жүлде салды. Алтынды Айбек Айтбеков (60 кг), Ислам Евлоев (97 кг) алса, күміс: Нұрмұхаммед Ибрахим (72 кг), Әлихан Дурсунов (77 кг), Ерасыл Жеңгіс (87 кг), Джохар Узаров (130 кг). қола медальді Диас Нұрақов (63 кг), Кирилл Минько (82 кг) алды.

Әйелдер күресі

Байрақты бәсекеде қазақстандық бұрымды балуандар да аянып қалған жоқ. Әйелдер күресінен Шұғыла Өмірбек қарсыластарын қапы қалдырып, Азия чемпионы атанды.

Алтын: Шұғыла Өмірбек (55 кг). Күміс: Алтын Шагаева (57 кг), Тыныс Дүбек (62 кг), Алина Ертөстік (76 кг). Қола: Лаура Ғаниқызы (50 кг), Виктория Хусаинова (59 кг).

Еске сала кетейік, бұған дейін Шұғыла Өмірбек әлем чемпионы атанып, президенттен құттықтау алған еді.

Сондай-ақ оқыңыз