ҰБТ-дан 140 балл алған оқушылардың нәтижелері тексеріле ме – министр жауабы

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
ҰБТ-дан 140 балл алған оқушылардың нәтижелері тексеріле ме
ҰБТ-дан 140 балл алған оқушылардың нәтижелері тексеріле ме/ фото: Үкімет

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тексеріс ҰБТ-дан 140 балл жинағандарға емес, ереже бұзушылыққа қатысты күдікті жайттар болған кезде ғана жүргізілетінін айтты.

Оның айтуынша, тестілеу қатаң бақылауда өтіп жатыр.

«Кіреберісте талапкерлер металлодетектордан өтеді, аудиторияларда инспекторлар жұмыс істейді, ал емтиханның өзі цифрлық форматта ұйымдастырылған. Бейнебақылау фронталды және жоғарыдан түсіретін камералар арқылы жүргізіледі, сондай-ақ арнайы алгоритм адам денесінің 17-18 нүктесі бойынша қозғалысын бақылап отырады», – дейді ол.

Айта кетейік, барлық бейнежазба бірнеше ай бойы сақталады. Ұлттық тестілеу орталығының мамандары оларды кез келген уақытта қайта қарай алады.

Министр бақылаудың техникалық құралдары толық енгізілгенін және ереже бұзушылыққа қатысты күдікті жағдайлар бұған дейін расталмағанын атап өтті.

«Талапкерлерді тексеру тек жоғары балл жинағаны үшін емес, күдікті жайттар болған жағдайда ғана жүргізіледі», – деп нақтылады ол.

Айта кетейік, 10 мамырда елімізде негізгі ҰБТ басталған еді. 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға өтініш берген. Тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады. 

Сондай-ақ оқыңыз