Ашық сабақтар қысқарды, мақала жазбайды – министр аттестаттау тәртібін түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: Shutterstock

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа аттестаттау тәртібінде мұғалімдерге халықаралық журналдарға мақала жариялау талабы қойылмайтынын айтты. Сонымен қатар педагогтер үшін ашық сабақ саны да қысқарды.

Мұғалімдерге халықаралық журналға мақала жариялау талабы қойылмайды

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерге халықаралық журналдарға мақала жариялау міндеттеледі деген пікірді жоққа шығарды. Министрдің айтуынша, жаңа аттестаттау тәртібінде мұндай талап мүлдем қарастырылмаған.

«Бұл шындыққа жанаспайды. Қазіргі жаңа тәртіпке сәйкес мақала жазу талабы мүлдем жоқ. Соны нақтылап атап өткен жөн», – деді министр.

Тағы қандай талаптар алынып тасталды

Министрдің сөзінше, бұған дейін педагогтерге қойылған бірнеше талап жаңа ережеден кейін толық алынып тасталды. Атап айтқанда, әдістемелік және авторлық бағдарламалар, оқу құралдарын жазу енді талап етілмейді.

Сонымен қатар ашық сабақ өткізу саны да қысқартылған.

«25 ашық сабақ өткізу тәртібі енгізілген болатын. Қазір оны 3-4 ашық сабаққа дейін қысқарттық. Нақты мұғалім бір оқу жылында немесе аттестаттау кезінде қанша ашық сабақ бере алады, соны ғана енгізіп отырмыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр тест сапасына қатысты шағымдарды еске салды

Сүлейменова аттестаттаудағы тестіге қатысты мәселелер бұған дейін де көтерілгенін айтты. Оның мәліметінше, қосымша білім беру педагогтері тапсырған тест нәтижесінде мұғалімдердің 80 пайызы алғашқы кезеңнен өте алмаған.

«Соның ішінде 10-20 жыл еңбек өтілі бар педагогтер де болды. Бұл нені көрсетеді? Педагогтер бірауыздан тестің сапасына, сұрақтарына және оның қосымша білім беру педагогтерінің функционалдық міндетіне сәйкес келмейтініне шағымданды», – деді министр.

Министр алғашқы кезеңде пән мұғалімдерінің де жартысынан көбі тестен өте алмағанын айтты. Оның сөзінше, тест мұғалімнің кәсіби қызметінен тыс артық жүктеме мен қажетсіз сұрақтарды қамтыған.

Енді мұғалімнің сабақ беру сапасы бағаланады

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, ендігі басты назар мұғалімнің сабақ беру әдісіне аударылады.

«Оқу-ағарту министрлігінің негізгі міндеті – мұғалімдерімізге өзінің білімін сабақ беруге, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік жасау», – деді ведомство басшысы.

Министр ашық сабаққа қатысты сын-пікірлер болғанымен, оның жаппай сипат алмағанын айтты.

«Барлық мұғалім өзі сабақ береді. Оны ашық сабақ деп бөлудің қажеті жоқ. Сол сабағын ғана көрсетеді. Басында түсінбеушіліктер болды, ал қазір мұны мұғалімдер қолдап жатыр», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

№83 бұйрықтың пилоттық жобасы енгізілген

Министрдің сөзінше, жаңа №83 бұйрықтың пилоттық жобасы енгізілгеннен кейін, педагогтер тарапынан түскен негізгі сұрақтар қайта қаралған.

«Түпкілікті жаңа №83 бұйрықтың пилоттық жобасы енгізілген кезде барлық сұрақтар алынып тасталды», – деді министр.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп мұғалімдерінің өз оқушыларына ақылы репетитор болуына тыйым салынатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз