Chevrolet Cobalt тау-тасты бағындырды: сынақ қалай өтті

Әйгілі Chevrolet Cobalt көлігінің сапасын тексеру үшін жол талғамайтын көліктерге арналған маршутта тексерілді.
Автоблогер Дияс Уалихан Cobalt-тың Алматы облысындағы «Скальные ворота» жолын қаншалықты еңсере алатынын сынап көрді.
«Cobalt» кроссоверге айналды
Сынақ алдында танымал седан айтарлықтай өзгертілген. Көлікке лифт-комплект, үлкейтілген жолсыз жерге арналған шиналар, күшейтілген бампер және қосымша жарық шамдары орнатылған. Сондай-ақ шанағы күңгірт жасыл түсті арнайы қорғаныс пленкасымен қапталған.
Блогердің Kursiv Auto-ға берен мәліметіне сенсек, көлікті сынаққа толыққанды дайындауға шамамен 2,5 млн теңге жұмсалған.
Нәтижесінде қозғалтқыш қорғанысының астындағы клиренс 21 см-ге, ал көліктің ортаңғы бөлігінің биіктігі 24 см-ге дейін артқан.
«Яғни бұл кейбір кроссоверлерден де жоғары», – деді автоблогер
Соған қарамастан, қозғалтқыш өзгеріссіз қалған. Көлік 105 ат күшіне ие 1,5 литрлік атмосфералық мотор және алты сатылы автоматты беріліс қорабымен жабдықталған.
Cobalt қай жерден мүдірмей өтті, қай тұста қиналды
Бағыт арнайы дайындалған жеңіл көлік үшін де өте күрделі болды. Седан тасты өрлерден, көлік теңселетін қиын жолдардан және тар жартас жолдарынан өтті. Блогердің айтуынша, мұндай жерлерде кейбір жол талғамайтын көліктердің өзі тұрып қалады.

Әсіресе жартасқа көтерілетін тұс қиын болған. Бұл жерде Chevrolet Cobalt көлігінің қозғалтқыш қорғанысы бірнеше рет тасқа тиіп отырған.
«Бұл – «Скальные ворота» бағытын бағындырған алғашқы алдыңғы жетекпен жүретін көлік», – деді видео авторы.

Алайда маршрутты толықтай өз күшімен өту мүмкін болмаған. Кедергілердің бірінде көлікті Land Rover Defender көмегімен тартып шығаруға тура келген.

Chevrolet Cobalt көлігіне соңғы құмды жолда қиынға түскен. Тіпті шиналардағы қысымды 0,3 атмосфераға дейін түсіргеннен кейін де седан жолдың шамамен 70 пайызын ғана еңсере алған.

Сынақтан соң…
Сапардан кейін көліктің дискілерінде сызаттар пайда болып, шанақтағы пленка зақымданған. Сондай-ақ қозғалтқыш қорғанысына бірнеше соққы тиген.
Дегенмен блогер жөндеу шығынының аса қымбат емес екенін атап өтті.
«Алдыңғы боялмаған бампер 20 мың теңге, боялғаны – 30 мың теңге, ал фарасы 17 мың теңге тұрады», – деді Дияс Уалихан.

Сонымен қатар ол жолсыз жерге арналған шиналардың сапасын жоғары бағалады. Блогердің айтуынша, шиналар тасқа соғылғанда және жартас жолдарында жүргенде жақсы төзімділік көрсеткен.
Қорытындысында автоблогер Chevrolet Cobalt көлігін « нағыз халықтық көлік» деп атап, мұндай ауыр сынақтан кейін де оның тағы мыңдаған шақырым жүруге дайын екенін айтты.