700 мыңнан аса бала тегін лагерьде демалады

Биыл жазғы демалыста аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала мен ерекше білім беру қажеттілігі бар 53 мың оқушы тегін лагерьлер мен сауықтыру бағдарламаларына қатысады. Бұл туралы Үкімет отырысында Жұлдыз Сүлейменова айтты.
Биыл жазғы демалыс бағдарламаларымен жалпы 3,2 млн оқушыны қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта ел бойынша 11 135 демалыс орталығы жұмыс істейді.
– 3 миллионға жуық бала мектеп жанындағы лагерьлерде демалады;
– 168 мың оқушы маусымдық қала сыртындағы лагерьлерге барады;
– 44 мыңнан астам бала жыл бойы жұмыс істейтін орталықтарда демалады.
Сонымен қатар мемлекет есебінен республикалық және өңірлік лагерьлерге 375 мыңнан астам дарынды оқушы мен түрлі олимпиада жеңімпаздарына жолдама беріледі.
Айта кетейік, мектеп оқушылары жазғы демалысын тиімді әрі пайдалы өткізу үшін елде түрлі лагерьлер ұйымдастырылған. Kursiv.Media тілшісі өңірлерде балалар үшін қандай ерекше жобалар дайындалып жатқанын іздеп көрді.