Қостанай облысында мектеп өртенді

Қостанай облысы Арқалық қаласындағы М. Әуезов атындағы №5 жалпы білім беретін мектеп ғимаратында өрт шықты.
НГ ақпаратына қарағанда, оқиға 27 мамыр күні кешкі сағат 21:30 шамасында болған. Куәгерлер түсірген бейнежазба кадрларынан мектеп ғимаратының үстінен қою түтін көтерілгені көрінеді.
Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, өрт төрт қабатты ғимараттың шатырынан шыққан. Алғашқы өрт сөндіру жасағы хабарлама түскеннен кейін үш минут ішінде жеткен.
Құтқарушылар келген кезде шатырдың шамамен 1100 шаршы метр аумағы ашық жалынға оранғаны анықталған.
«Өртті сөндіруге өрт сөндіру бөлімінің күштері мен ТЖМ жедел-құтқару жасағы жұмылдырылды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы да жұмыс істеп жатыр», – деп хабарлады жергілікті ТМЖ департаменті.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Үздіксіз су беру үшін мектептен 300 метр қашықтықтағы екі өрт гидранты пайдаланылған.
25 мамырда Астанада балалар ауруханасы өртеніп, науқастар эвакуацияланған еді.