Қазақстан Ресей экономикасына 29 млрд доллардан астам инвестиция салды

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Қазақстан Ресей экономикасына 29 млрд доллардан астам инвестиция салды
Қазақстан Ресей экономикасына 29 млрд доллардан астам инвестиция салды/ Фото: kursiv.media

Ресей экономикасына салынған қазақстандық инвестиция көлемі 29 миллиард доллардан асты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев  Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен жүргізген келіссөздер барысында айтты.

Президенттің айтуынша, жақын арада өзара тауар айналымының көрсеткіштері 30 миллиард доллардан асады.

«Ресей – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы. Ресей экономикасына салынған қазақстандық инвестиция көлемі 29 миллиард доллардан асты. Бұл айтарлықтай қомақты цифр.

Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі шамамен 53 миллиард долларды құрайтын 177 бірлескен жобаның пулы қалыптасты және 122 жобаның операциялық кезеңге өткенін, яғни іске асырылып, жұмыс істеп тұрғанын атап өткім келеді. Бұл ынтымақтастықты дамытуға деген өзара дайындықты көрсету үшін өте маңызды», – дейді Президент.

Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та ерекше атап өтілді.

«Елдеріміз білім, ғылым, мәдениет, спорт салаларында табысты өзари іс-қимыл жасап келеді және бұл, әрине, халықтарымыздың одан әрі жақындасуына ықпал етеді. Жақында Астанада Қазақстандағы Ресей күндері өтті, оны елорда тұрғындары мен қонақтары үлкен ризашылықпен қарсы алды», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшылары арасындағы келіссөз барысында келесі форум Омбыда өтетіні айтылды.

«Елдеріміз өзара сапарлардың жиілей түскені және өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу игі дәстүрге айналғаны өте маңызды. Менің білуімше, келесі форум 20 тамызда Омбыда өтеді. Бұл күн мен үшін де, әріптестерім үшін де қолайлы. Сондықтан біз Омбыдағы өңіраралық ынтымақтастық форумын дәл осы күні өткізе аламыз деп ойлаймын», деді Президент.

Еске салайық, кеше, 27 мамырда Қазақстанға РФ Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келді. Ал бүгін Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында салтанатты түрде қарсы алды.

Сондай-ақ оқыңыз