Соғысқа үш ай: АҚШ Иранға тағы соққы жасаса, Тегеран америкалық базаны атқылады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ормұз бұғазындағы Бандар-Аббас маңындағы кемелер
Ормұз бұғазындағы Бандар-Аббас маңындағы кемелер / фото: Amirhosein Khorgooi/ISNA/WANA via REUTERS

Бүгін Ирандағы соғысқа тура үш ай толды. АҚШ пен Израиль күштері Парсы шығанағындағы осы елді 2026 жылғы 28 ақпанда атқылаған. Артынша Тегеран Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базалар мен Израильге соққы беріп, әскери операция соғысқа ұласқан.

Иран дрондарын атып түсірген

Содан бері үш ай өтсе де, әлемнің оннан астам елін қамтыған әскери жанжал тоқтар емес. 28 мамырда Құрама Штаттар Ормұз бұғазындағы нысандарды атқылады. Америкалық шенеунік әскер мен коммерциялық көліктерге қауіп төндірген нысандарға көздегенін мәлімдеп отыр. Бұл туралы CNN хабарлайды.

АҚШ бұған қоса Иранның төрт дронын атып түсіргенін мәлімдеді. Сонымен бірге Иранның Бандар-Аббас портындағы құрлықта басқару бекетіне соққы жасалған.

Иранның қарымта соққысы

Бұл уақытта Иран ислам революциясы сақшылары корпусы бейсенбі күні таңертең америкалық әуе базасына соққы жасағанын мәлімдеді. Дегенмен әзірге нақты қай базаны атқылағаны белгісіз. Ал АҚШ-тың Таяу Шығыстағы бірнеше елде базасы бар екені мәлім.

Fars ақпарат агенттігінің сақшылар корпусы мәліметіне сүйене отырып хабарлауынша, америкалықтар Бандар-Аббас әуежайы маңындағы әскери нысандарға шабуылдаған. Тегеран соған қарымта шабуыл ұйымдастырған. Америкалық әскери база жергілікті уақытпен 28 мамырда таңертең сағат 4:50-де атқыланғаны хабарланды.

CNN дерегінше бейсенбі күні таңертең стратегиялық маңызды қала – Бандар-Аббаста үш мәрте жарылыс болған.

Мәліметтерге қарағанда, үш ай соғыста Иранда шамамен 3,5 мың адам қаза тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз