Қысқы спорт

Спорт министрлігі Шайдоровтың бірнеше ай жалақы алмағанына жауап берді

Михаил Шайдоров Тимур Балымбетовке сұхбат берді
Министрлік Шайдоровтың шағымына жауап берді/фото: Тимур Балымбетовтің YouTube арнасындағы сұхбаттан скриншот, ЖИ көмегімен өңделген сурет

Спорт министрлігі Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың бірнеше ай бойы жалақы алмағанына қатысты жағдайды түсіндірді.

Бұған дейін Шайдоров кейінгі 5 айда жалақы алмағанын, келесі маусымға дайындалуы қажет екенін айтты.

«Келесі маусымға дайындалуым керек. Бірақ оған қалай дайындалатынымды түсінбей отырмын. Жаңа бағдарлама әзірлеу керек. Қаржылай қолдау бола ма деп сұрасам, әркім әртүрлі жауап береді», – деген чемпион сұхбатында.

Министрлік мәлімдемесі

Спортты дамыту дирекциясы спортшыларға жалақы қолданыстағы келісімшарт пен халықаралық жарыстарға дайындықтың бекітілген шартына сәйкес төленетінін мәлімдеді.

«Михаил Шайдоровқа қатысты айтар болсақ, 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық төленді. 

2026 жылдың наурызынан бастап спортшының Миланда өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған болатын. Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған. Қазір келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр», – делінген ресми жауапта.

Мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындық жүйесіне кіретін барлық спортшыға қолданылады.

Шайдоровтың жеңісі

Михаил Шайдоров 2026 жылдың 14 ақпанында Қазақстан тарихында тұңғыш рет мәнерлеп сырғанау спортынан Олимпиада чемпионы атанды. 25 ақпанда спортшыны Ақордада президент құттықтады

Алтын медаль жеңіп алғаны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың доллар көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан 3 бөлмелі пәтер беру, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмір бойы ай сайын мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған.