Лионель Месси Аргентина құрамасы сапындағы мәнсабын аяқтайтыны хабарланды

Аңыздар дәуірі аяқталды. Аргентиналық журналист Эрнан Кастильо Лионель Месси ұлттық құрамадағы ойынын аяқтауға бел байлағанын хабарлады.
Инсайдердің сөзінше, Месси Әлем чемпионатының финалы алдында киім ауыстыру бөлмесінде командаластарына, бұл матч құрамадағы соңғы ойыны екенін айтқан.
Еске салсақ, турнирдің шешуші бәсекесінде Аргентина құрамасы Испанияға қосымша уақытта 0:1 есебімен жол беріп, чемпиондық атағын қорғай алмады. Ойын аяқталған соң, Лионель Месси көзіне жас алды.
Мессидің өзі құрамадағы болашағына қатысты әлі кесіп-пішіп ештеңе айтқан жоқ. Дегенмен, 39 жастағы шабуылшы үшін бұл дүбірлі дода ұлттық құрама жейдесіндегі соңғы ірі турнир болғаны анық.
Лионель Месси – футбол тарихында өшпес із қалдырған футболшы. Ол мансабында абсолютті рекорд орнатып, 8 рет «Алтын допты» еншілесе, еуропалық маусымның үздік мергеніне берілетін «Алтын бутсыны» 6 мәрте қанжығасына байлады. Сондай-ақ ФИФА нұсқасы бойынша екі рет жылдың үздік футболшысы атанды.
Ұлттық құрама сапында Месси Аргентинаға 2022 жылғы Әлем чемпионатының кубогын алып беріп, сол турнирдің үздік ойыншысы атанған еді. Оған дейін 2014 жылғы әлем біріншілігінде күміс жүлдегер, ал 2008 жылы Олимпиада чемпионы атанды. Сонымен бірге, екі рет Америка кубогын және 2022 жылы Финалиссима турнирін жеңіп алды.
Клубтық деңгейде каталониялық «Барселонамен» бірге 4 рет УЕФА Чемпиондар лигасында топ жарып, 10 мәрте Испания чемпионы атанды. Кейін франциялық «Пари Сен-Жермен» сапында 2 рет ел чемпионы атанса, Клубтар арасындағы әлем чемпионатында 3 рет жеңіске жетті. Тұтас карьерасында 40-тан астам трофей ұтып алған Месси футбол тарихындағы титулы ең көп ойыншылардың көшін бастап тұр.
Оқи отырыңыз: «Жылама, Месси, жылама»: Әміржан Қосанов аргентиналық футболшыға арнап өлең шығарды