Жазғы спорт

81 жастағы марафоншы Салтанат Түйтебаев «Еңбек ардагері» атағымен марапатталды

фото: Туризм және спорт министрлігі

81 жастағы марафоншы, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Салтанат Түйтебаев жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев ардагер марафоншыға қоғамға сіңірген еңбегі мен спорттағы теңдессіз жетістіктері үшін «Еңбек ардагері» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.

Бұл марапат – жақында ғана Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өткен беделді халықаралық марафонда бақ сынап, өз жас санатында үздік ондыққа енген спортшының қажырлы қайратына көрсетілген шынайы құрмет.

Ұстаздықтан басталған өмір жолы

Салтанат Түйтебаев 1945 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Өзінің 45 жылдық саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған. Қатардағы ұстаздықтан бастап, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің инспекторы, кәсіптік-техникалық училище басшысы қызметтерін абыроймен атқарған.

Кездесу барысында вице-министр ардагердің қажырлы еңбегі мен спортқа деген адалдығы бүгінгі өскелең ұрпақ үшін таптырмас мектеп екенін атап өтті.

«Сексеннің сеңгіріне сергек жетіп, ұзақ қашықтықтағы марафонды бағындыруыңыз – үлгі тұтарлық жетістік әрі еліміз үшін зор қуаныш. Себебі саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі сіздің болмысыңыздан айқын байқалады. Бұған дейін де бірнеше мәрте жүлделі орындардан көрініп келесіз. Осы арқылы табандылық пен қажырлы еңбектің нақты үлгісін көрсетіп, көпшілікке өнеге болдыңыз», – деді Серік Жарасбаев.

Әлемдік аренадағы таңдай қақтырған жеңістер

Салтанат Түйтебаевтың халықаралық деңгейдегі спорттық карьерасы таңғаларлық нәтижелерге толы. Ол Сингапур, Дубай, Доха, Анталия, Малага және Амстердам қалаларында өткен ірі халықаралық жарыстарда бірнеше рет мәре сызығын бірінші болып кесіп, жеңімпаз атанған.

Бүгінде сексеннен асса да саптан шықпай, Салтанат Түйтебаева Кейптаундағы марафонда топ жарған еді.