Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына билеттерді алдын ала сатып алу басталды

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін 2028 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына әлі екі жыл бар. Дегенмен жанкүйерлер алдағы жарыстарға билеттерді қазірден сатып ала алады.
Ұлттық Олимпиада комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық спорт жанкүйерлері билеттерді қазір Olympic Hospitality арнайы пакеттері арқылы рәсімдей алады. Ал кейін билеттерді ресми қайта сату платформасы арқылы сатып алуға мүмкіндік болады.
Ресми билет сатылымы 2027 жылы басталады
Лос-Анджелес Олимпиадасын ұйымдастырушылардың мәліметінше, билеттердің ресми сатылымы 2027 жылы іске қосылады.
Сол кезде билеттерді сатып алу мерзімі, рәсімі және қолжетімді спорттық жарыстар туралы толық ақпарат Олимпиаданың ресми ресурстарында жарияланады.
Сондай-ақ 2027 жылы AXS, Eventim, Ticketmaster және Sports Illustrated Tickets платформалары негізінде билеттерді ресми қайта сату жүйесі жұмысын бастайды. Оның көмегімен жанкүйерлер пайдаланылмаған билеттерді өзге иелерінен қауіпсіз түрде сатып алып, алаяқтық қаупінен сақтана алады.
Арнайы Olympic Hospitality пакеттері қазірдің өзінде қолжетімді
Қазір жанкүйерлер Olympic Hospitality ресми бағдарламасы арқылы арнайы пакеттерді сатып ала алады. Брондау тапсырыс рәсімделгеннен кейін бірден жүргізіледі.
Бұл пакеттер тек жарыстарға кіру билетін ғана емес, қосымша қызметтердің кең ауқымын қамтиды.
Жанкүйерлерге:
- көрінісі жақсы орындар;
- эксклюзивті лаунждарға және жеке ложаларға кіру;
- мейрамхана қызметі;
- сусындар;
- ойын-сауық бағдарламалары;
- қажет болған жағдайда қонақүйде тұру мүмкіндігі ұсынылады.
Olympic Hospitality ұсыныстарымен танысып, брондауға болады.
Осылайша, Олимпиадаға баруды жоспарлаған жанкүйерлер билеттерді ресми сатылым басталғанға дейін арнайы пакеттер арқылы рәсімдей алады.
Билет бағасы
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Лос-Анджелес Олимпиадасына билеттер барынша қолжетімді бағамен ұсынылады. Ең төменгі баға – 28 АҚШ доллары.
Билеттердің шамамен жартысы 200 доллардан төмен, ал 75 пайыздан астамы 400 доллардан төмен бағамен сатылады.
Ал Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттарына арналған билеттер ең қымбат санатқа жатады. Олар премиум деңгейдегі орындар ретінде ұсынылады.
Бір адам 12 билетке дейін сатып ала алады
Билеттерді сатып алуға бірқатар шектеулер енгізіледі. Бір сатып алушы ең көбі 12 билет рәсімдей алады.
Оның ішінде ашылу және жабылу салтанаттарына арналған билеттер саны жалпы лимит шегінде төрт данадан аспауға тиіс.
Билет сатып алу платформаларында тек 18 жасқа толған адамдар тіркеле алады. Сонымен қатар жасына қарамастан барлық көрермен, оның ішінде кішкентай балалар да жарыстарға кіру үшін жеке билет алуы қажет.
Олимпиада 2028 жылы шілдеде өтеді
Еске салайық, 2028 жылғы Жазғы Олимпиада ойындары 14-30 шілде аралығында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.