Алимент төлеуден жалтарған азамат сотталды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Сотталушы бұған дейін де сот алдында жауап беріп, рақымшылықпен жазадан құтылған / фото: shutterstock

Бір жылдан астам уақыт бойы алимент төлеуден жалтарып келген азамат жарты жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлайды.

Сот үкімі 2026 жылғы 5 мамырда шыққан, бірақ құзырлы мекеме мәліметті енді ғана жариялап отыр. Алты айға соттау туралы шешімді Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдаған.

«Сотта азаматтың бір жылдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған баласын асырау жөніндегі сот шешімін орындаудан жалтарғаны анықталды. Нәтижесінде алимент бойынша 4 млн теңге көлемінде берешек қалыптасқан», – деп таратты прокуратура.

Сотталушының аты-жөні аталмады. Құзырлы мекеменің мәліметінше, бұған дейін борышкер осыған ұқсас әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартылып, рақымшылықпен жазадан босатылған.

«Соған қарамастан, тиісті қорытынды жасамай, ата-ана міндетін орындаудан жалтаруын жалғастырған».

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Прокуратура сот шешімін орындамаған азаматтар үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелгенін ескертті.

2026 жылғы сәуірдің аяғында елде алимент төлеушілердің қарызы 18 млрд теңгеге жеткені мәлім болды.

Сондай-ақ оқыңыз