«Алтыналмас» тағы бір компанияны иелігінен шығарды, бірақ әлі 15 активі бар

«Алтыналмас» компаниясы кезінде 33,5 млн долларға сатып алған «Ақтоғай мыс» серіктестігін иелігінен шығарды. Бұл туралы Қаржылық есептілік депозитарийіне жолданған ақпаратта айтылған.
Ірі келісімге дайындық
«Ақтоғай мыс» серіктестігі «Алтыналмас» иелігіндегі активтер тізімінен 2026 жылғы 22 мамырда шығып қалды. Қазір оның осы серіктестіктегі үлесі нөлге тең.
Компания оны 2018 жылы «Долинное» алтын кен орнын иемдену үшін 33,5 млн долларға сатып алған. Сегіз жылдың ішінде кеніш толықтай іске қосылып, өндіріс «Алтыналмастың» негізгі зауыттарына ауысқан. Жобаға жүзеге асқан соң компанияның өзі қажет болмай қалған. Соған байланысты «Алтыналмас» оны жою туралы шешім қабылдаған.
«Долинное» алтын кен орны Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында орналасқан.
Активтерді оңтайландыру «Алтыналмастың» өзін кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы сатып алуға дайындалып жатуымен де байланысты болуы мүмкін. Келіссөздер әлі аяқталған жоқ.
«Алтыналмас» активтері
Қаржылық есептілік депозитарийі жариялаған мәліметте қазір «Алтыналмас» компаниясының 15 активі бары айтылған. Олар:
- «АА Торговый Дом» ЖШС – 100% үлесіне ие;
- «Анисимов Ключ» ЖШС – 100%;
- «Met Miner» ЖШС – 100%;
- «Майқайыңалтын» АҚ – 100%;
- «AA Estate» ЖШС – 100%;
- «Altynalmas Service (Алтыналмас Сервис)» ЖШС – 100%;
- «Қазақалтын» ЖШС – 100%;
- «Асыл Ресорсес» ЖШС – 100%;
- «Ақбақай тау-кен металлургиялық комбинаты» АҚ – 99,6%;
- «Алтыналмас Technology» ЖШС – 100%;
- «Қазақалтын Сервис» (Kazakhaltyn Service) ЖШС – 100%;
- «Ақсу Technology» ЖШС – 100%;
- «Степногорск» қонақүйі» ЖШС – 100%;
- «Қазақалтын Technology» ЖШС – 100%;
- «Altynalmas Reagents» ЖШС – 83%.
Ашық дерекөзге сәйкес компанияның сегіз акционері бар екені айтылады. Олардың ішіндегі ең ірісі – нидерландылық Gouden Reserves B.V. (66,39%) және кәсіпкер Владимир Жұманбаев (23,2%). Жақында компанияның меншік иесі ауысуы мүмкін.
Айта кетейік, «Алтыналмас» 2026 жылғы сәуірдің ортасында «Алтыналмас сауда үйін» де иелігінен шығарған.