«Атымды қаралауға жол бермеймін»: Михаил Шайдоров мәлімдеме жасады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Олимпийский чемпион Михаил Шайдоров поблагодарил Токаева и казахстанцев
Михаил Шайдоров мәлімдеме жасады / фото: Ақорда

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның үздік спортшысы, қысқы олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Threads желісінде көлемді жазба жариялап, соңғы кездері өзіне қатысты туындаған даулы мәселеге пікір білдірді. Спортшы ел арасына тараған жалған ақпараттарды жоққа шығарып, атақ-дәрежесіне қатысты шындықты жария етті.

Жанкүйерлерге алғыс

Михаил Шайдоров алдымен қиын сәтте өзіне қолдау көрсеткен барша қазақстандыққа ризашылығын білдірді.

«Барша қазақстандыққа қолдаулары мен бейжай қарамағаны, әлеуметтік желілердегі көптеген жазбалары мен жылы лебіздері жазылған жеке хаттары үшін алғыс айтқым келеді. Жалған ақпараттар ағынына ермей, маған сенім артқандарыңыз үшін рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін өте маңызды», – деп жазды спортшы.

Спортшы кейбір түйткілді мәселелердің тек қоғам талқысына шыққанда ғана шешілетініне өкініш білдірді. Ол ешқандай мемлекеттік органмен текетіреске түскісі келмейтінін, бірақ өз абыройын қорғауға дайын екенін ашық айтты.

«Кейбір мәселелерді көпшілікке жария етпейінше, шешу мүмкін емес екеніне, шын мәнінде, өкінемін. Қандай да бір органдармен есеп айырысып, айтысқым келмейді, бірақ менің атымды көпшілік алдында қаралауға жол бермеймін», – деді Шайдоров.

Қазақстанның «спорт шебері» куәлігі қайда?

Михаил Шайдоров соңғы уақытта спорт сүйер қауым арасында қызу талқыланып жатқан басты интриганың анық-қанығын өзі айтып берді. Оған әлі күнге дейін тиісті ресми құжаты берілмеген болып шықты.

Бүгінге дейін спортшыға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» куәлігі берілмеген. Шайдоров бұл жоғары нормативті 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде еншілеген кезде-ақ орындап қойған. Құжаттарды рәсімдеуге қажетті барлық процедурадан уақытылы өткенімен, куәлікті әлі күнге дейін қолына алмаған.

Өмірінің соңына дейін төленетін төлем туралы

Шайдоров өзіне өмірінің соңына дейін төлем тағайындалғанын спорт министрлігі басқаша жеткізіп жүргенін, төлем 20 жылдық еңбек өтілінен кейін ғана тағайындалатынын атап өтті. Спортшының жасы бүгінде 21-де.

Жаңа келісімшарт неге жасалмай жатыр

Олимпиада чемпионы жаңа келісімшарттың талаптарын талқылау үшін өзіне мамыр айының ортасында ғана хабарласқанын, оның мерзімінің созылуы сома немесе келгісі келмегеннен емес, заңнамалық мәселеге байланысты екенін атап өтті.

«2026 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадада медаль жеңіп алу туралы міндеттеме көрсетілген. Біз командамызбен заң тұрғысынан осы тармақты қайта қарауды ғана сұрадық. Өйткені бұл қисынсыз әрі мүмкін емес нәрсе. Мен 2026 жылы тұрып, тек 4 жылдан кейін өтетін Олимпиаданы ұтып ала алмаймын ғой. Біз бұл сұрақтарды заңгерлерге жолдап, осы тармақты қайта қарауды өтіндік, бірақ БАҚ-та айтылып жатқандай, осы уақытқа дейін бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ», – деді. Ол төлемдерді жасау мен келісімшартқа отыру мәселелері министрлік тарапынан әдейі созылып отыр деп санайды.

Жуырда жаттығу басталуға тиіс, бірақ…

Шайдоров 5 маусымға жоспарланған оқу-жаттығу жиыны министрлік тарапынан еленбей отырғанын жеткізді.

«Бірнеше рет қоңырау шалдық, сметаларды жібердік, бағдарламаны қоюға ақша төлей ала ма, оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыра ма, билеттерді сатып алып бере ме деп сұрадық. Алайда бұған ешқандай нақты жауап та болған жоқ, сәйкесінше, ұшуымызға бір апта қалса да, бүгінгі күнге дейін жиындарды ұйымдастыру шаралары жасалмады», – дейді чемпион.

Михаил олимпиада алтыны үшін уәде етілген сыйақы қолына тиген болса, «дайындықты өз қаражатым есебімнен ұйымдастырар едім, мәселені бұлайша көпшілік талқысына салмас едім» деп отыр.

Ол сөзінің соңында маусым дайындығына арналған қаражатты алар болса, оны Балаларды қорғау күнінің құрметіне балаларды қолдауға бағыттайтынын мәлім етті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров Тимур Балымбетовке берген сұхбатында 5 айдан бері айлық алмағанын айтқан еді. Артынша министрлік бірден түсініктеме берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз