ЕАЭО макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр – Тоқаев

Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ЕАЭО макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отырғанын айтты.
Айтуынша, 2026-2027 жылдары одаққа мүше мемлекеттердің ішкі жалпы өнімінің өсу қарқыны шамамен екі жарым пайызды құрайды. Жаһандық нарықтардың тұрақсыздығы мен құбылмалылығына қарамастан, өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 95 млрд доллардан асты.
«Биыл біз өзара сауда-саттық көлемінің алты пайыздан астам өсуін күтіп отырмыз, бұл 100 миллиард долларлық межені бағындыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, халықаралық ұйымдардың жаһандық нарықтың жай-күйі туралы бағалаулары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қорының есебі бойынша, биыл әлемдік экономиканың өсуі баяулап, 3%-дан аспайды деген болжам бар. Әлемдегі мұндай өзгерістер біздің одақтың экономикасына да міндетті түрде әсер етеді. сол себепті қазіргі жағдайда біз үшін жаңа талаптарға бейімделу, ішкі жағдайымызды тұрақтандыру және нарықтағы бәсекеге қабілетімізді арттыру өте маңызды», – деп атап өтті Тоқаев.
Астанадағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян қатысып жатыр.