«Президентке шынайы ақпарат жетпейді»: Ангелина Лукас Тоқаевқа үндеу жолдады

Танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Ангелина Лукас әлеуметтік желідегі парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдады. Спортшы мәлімдемесінде отандық спорт саласындағы әділетсіздіктер мен жүйелі мәселелерді ашық айтып, мемлекет басшысынан жағдайға назар аударуды сұрады.
«Жетістіктерім әдейі жасырылып келеді»
Ангелина Лукас көп жылдар бойы спорттағы әділетсіздіктермен бетпе-бет келіп жүргенін айтады. Бұл мәселе өзіне ғана емес, елдегі өзге де көптеген спортшыларға ортақ екенін атап өтті. Мысал ретінде жуырда ғана қоғамда үлкен талқылау тудырған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жағдайын тілге тиек етті.
Спортшы халықаралық аренада Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп, айтарлықтай табыстарға жеткенін алға тартты:
- IBO тұжырымы бойынша Әлем чемпионы атанды;
- WBO чемпионы Дебора Анаи Лопесті және IBO/WBC чемпионы Даниэла Асенджоны тізе бүктірді;
- Қазақстан тарихында алғаш рет WBC International титулын жеңіп алды;
- WBC рейтингінде көш бастап, әлемдік топ-2 қатарына енді;
- 21 күн ішінде 3 жеңісті жекпе-жек өткізіп, Гиннестің рекордтар кітабына енетіндей нәтиже көрсетті.
«Алайда менің жылдар бойғы еңбегім мен жетістіктерім елеусіз қалып, әдейі төмендетіліп келеді. Отандық БАҚ мені қолдаудың орнына, тарихи нәтижелерімді жоққа шығаруға тырысты. Спорт министрімен кездесуден кейін маған демеушілер мен ақпараттық қолдау көрсетілетініне уәде берілген еді, бірақ ештеңе өзгерген жоқ», – деп налыды боксшы.
«Президентке шынайы ақпарат жетпейді»
Боксшы үндеуінде спорт шенеуніктерінің жұмысына күмән келтірді. Оның пікірінше, жауапты тұлғалар спортшылардың жетістіктерін жоғары жаққа жеткізбей, әдейі жасырып отырады.
«Мемлекет басшысына ақпарат жеткенше қаншама кабинеттер мен келісімдерден өтеді. Менің нәтижелерім әдейі назардан тыс қалдырылып жатқандай әсер қалдырады. Қазір әлеуметтік желі бар. Жекпе-жектерімді миллиондаған көрермен тамашалайды, сондықтан шындықты толық жасыру мүмкін емес», – деді Лукас.
Ангелина Лукас мемлекеттің қолдауынсыз әлемнің абсолютті чемпионы атағына ұмтылу өте қиын екенін жеткізді. Ол сөзінің соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан тек өзінің жеке жағдайына емес, қазақстандық спортшылардың басында бар жүйелі проблемаларға араласуын өтінді.
Бұған дейін, мәнерлеп сырғанаудан қысқы олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Threads желісінде көлемді жазба жариялап, соңғы кездері өзіне қатысты туындаған даулы мәселеге пікір білдірген.