1 маусымда магистратураға құжат қабылдау басталады

1 маусымнан бастап магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге қатысуға өтініштерді қабылдау басталады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Тіркеу 8 шілдеге дейін app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі. Ал тестілеудің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.
«Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бейінді магистратураға түсушілерден құжаттарды қабылдау ағымдағы жылғы 1 маусым мен 8 шілде аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен жүзеге асырылады»,– делінген хабарламада.
Тіркелу кезінде талапкер тест тапсыратын қаланы өзі таңдайды. Берілген өтінішке өзгерістерді 8 шілдеге дейін енгізуге болады. Тестілеудің өтетін орны, күні мен уақыты туралы ақпарат 14 шілдеде талапкердің жеке кабинетінде жарияланады.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу электронды форматта өткізіліп, үш бөлімнен тұрады. Шекті балл – 75 балл.
Оның ішінде:
- шет тілі бойынша тестен кемінде 25 балл жинау қажет;
- оқуға дайындық деңгейін анықтау бөлімі бойынша кемінде 7 балл алу керек;
- білім беру бағдарламалары тобының бейіндік пәндері бойынша әр пәннен кемінде 7 балдан жинау талап етіледі.
Емтихан тапсыруға 3 сағат 55 минут беріледі.
Ал бейіндік магистратураға түскісі келетін талапкерлер тек білім беру бағдарламалары топтарының бейіндік пәндері бойынша тест тапсырады. Бұл емтиханға 1 сағат 40 минут уақыт бөлінеді.
Шекті өту балы – 30 балл. Оның ішінде бірінші және екінші бейіндік пәндердің әрқайсысынан кемінде 7 балл жинау қажет.
Сондай-ақ мына талаптардың біріне сай келетін азаматтар қабылдау комиссиялары өткізетін әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде магистратураға қабылдана алады. Яғни:
- саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес басшылық қызметте кемінде 5 жыл еңбек өтілі барлар;
- тиісті салалардағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес басшылық қызметте кемінде 5 жыл жұмыс істегендер;
- бейіндік магистратураның білім беру бағдарламасына сәйкес салада кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар болуы керек.
Еске салайық, Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бойынша құжаттар қабылдау басталды. Өтінімдерді eGov.kz порталы арқылы беруге болады. «Болашақ» бойынша 16 қазанға дейін, ал ғылыми тағылымдамалар бойынша 30 қазанға дейін құжат қабылданады.