Алматыда океанариум, амфитеатр мен су арнасы бар кешен бой көтереді

Алматыда көпфункционалды Almaty Water Garden кешенін салу жоспарланып отыр.
Қала әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, демалыс, мәдени іс-шаралар мен ойын-сауыққа арналған жаңа орталық Алатау ауданында, Бауыржан Момышұлы мен Саин көшелерінің аралығындағы 27 гектардан астам аумақта орналасады. Жобаны жүзеге асыру 2026-2027 жылдарға жоспарланған.
Су арнасы
Әкімдік кешеннің басты ерекшелігі, серуендеуге арналған жағалаулармен, демалыс аймақтарымен және көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктермен көмкерілген ұзын су арнасы болатынын айтады. Су жүйесінің айналасында заманауи саябақ аймағы жасалады.

Заманауи фудкорт аймақ
«Кешеннің маңызды нысандарының бірі – әлем халықтарының тағамдары мен гастрономиялық тұжырымдамаларын тоғыстыратын заманауи фудкорт болмақ. Оның жанында концерттер, фестивальдер, кинокөрсетілімдер, шығармашылық кештер мен бұқаралық іс-шараларға арналған ашық амфитеатр салынады», – делінген хабарламада.
Океанариум
Жобада отбасылық демалысқа да ерекше көңіл бөлінетіні, кешен аумағында балалар орталығы, океанариум және көбелектер музейін ашу жоспарланып отырғаны айтылады.
Water Garden кешенінің сәулеттік келбетін қала мен саябақтың көркем көрінісі көрінетін шолу алаңы бар мұнара толықтыра түспек.

Әкімдік жобаға инвестиция тарту және ірі қалалық бастамаларды жүзеге асыру аясында Almaty Invest компаниясы қолдау көрсетіп келе жатқаны айтылады. Adata ақпаратына сай, компанияға Қайрат Бекенов жетекшілік етеді, компания құрылтайшысы – Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы.
Бұған дейін, бұрын «Рахат» базарының орнына демалыс аймақтары салынатыны хабарланған.