«Кінәсін мойындады»: Алматыда заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханның соты басталды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Әділетхан Молдахан
Әділетхан Молдахан / фото: instagram

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айыппен қамауға алынған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі басталды. Алғашқы сот отырысында айыпталушы өзіне тағылған қылмыстық айыппен толықтай келісетінін мәлімдеді. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Жәбірленушілер – жоғары шенді полицейлер

Бұл қылмыстық іс бойынша Алматы қалалық полициясы басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басшысы Серік Шұмаев жәбірленуші деп танылды.

Сот барысында Ержан Ұзабаевтың адвокаты айыпталушы Әділетхан Молдаханнан моральдық шығын ретінде 10 млн теңге, сондай-ақ сот шығындарын өтеу үшін 1 млн теңгені өндіріп алуды сұрады.

Молдаханның қорғаушылары соттан айыпталушыны қамаудан босатып, үйқамаққа шығаруды және істі ушықтырмай, медиациялық келісімге келуге мүмкіндік беруді өтінді.

Алайда істі қарап жатқан судья Ерлан Қасымбек бұл өтініштерді ішінара қанағаттандырды, блогерді үйқамаққа шығарудан бас тартты. Тараптардың процессуалдық келісімге келу мәселесін заңды түрде қарау үшін прокуратураның қарауына жолдады.

Даудың басы: блогер не үшін қамалды?

Еске сала кетейік, заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан Әл-Фараби даңғылында болған атышулы жол апатына қатысты әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған. Ол апатқа жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары кінәлі болуы мүмкін деп айып таққан еді.

Осы резонансты мәлімдемесінен кейін құқық қорғау органдары оның үстінен қылмыстық іс қозғап, блогер наурыз айында қамауға алынды.

Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан іс бойынша келесі сот отырысы 16 маусымға жоспарланды.

Сондай-ақ оқыңыз