
Актриса Жанель Серғазина Айнұр Ілиясованың YouTube-арнасына берген сұхбатында жеке өміріне қатысты жұрттың көкейінде жүрген сұраққа жауап берді. Бұған дейін әлеуметтік желіде «Еркеш Хасен бірінші әйелі мен қызын тастап, Жанельге қосылды» деген сыбыстар желдей ескен еді. Актриса бұл қауесеттердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, алғаш рет ашық жауап берді.
«Братишка» күйеуіне айналды
Жанель Серғазинаның айтуынша, олардың таныстығы мен жақын араласуы танымал музыкалық жобадан басталған.
«Біз «Егіз лебіз» шоуына қатысқан кезде, бағдарламаға қатысушылардың барлығы өзара өте жақсы араласып кеттік. Құрбы, дос болдық. Шыны керек, ол кезде мен Еркешті өзімнен кіші болғандықтан «братишка» деп қалжыңдап жүретінмін», – дейді актриса.
Актриса Еркештің отбасылық жағдайы туралы шындықты жоба барысында, достар арасындағы отырыста білгенін жеткізді. Кейінірек барлық қатысушы бір үстел басында жиналған сәтте, Еркеш Хасен өзінің заңды түрде ажырасып кеткенін ашық айтқан.
Сол отырыста Еркештің басы бос екенін естіген әріптесі, танымал актриса Гүлнара Сильбаева екеуіне қарап: «Әй, көрсеңдерші екеуің», – деп қалжыңдап айтқан көрінеді. Жанель сол сәтте бұл сөзге мән бермей, «Ой, жоқ» деп, барлығын жай ғана әзілге балағанын жасырмады.
«Мен ешкімнің отбасын бұзған жоқпын»
Сұхбат барысында Жанель Серғазина өзіне тағылған «көңілдес болды», «біреудің шаңырағын шайқалтты» деген айыптауларды үзілді-кесілді теріске шығарды.
«Мен ешқандай көңілдес болған жоқпын. Мен басы бос адамға тұрмысқа шықтым», – деп қысқа қайырды актриса.
Осылайша, актриса Еркеш Хасенмен қарым-қатынасы ол бұрынғы некесімен толықтай қоштасқаннан кейін ғана басталғанын және ешкімнің алдында кінәлі емес екенін ашық білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Еркеш Хасеннің бұрынғы әйелі Айгерімнің құрбысы Сандуғаш Амантаева өз нұсқасын жазған еді.