Одессада отырып, қазақстандықтарды тонап келген алаяқтар ұсталды

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Одессада халықаралық алаяқтық call-орталығының қызметі тоқтатылғанын хабарлады.
Polisia.kz ақпаратынша, Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп, екі елдің бас прокуратураларының өзара іс-қимылы аясында ауқымды халықаралық арнайы операция өткізген.
ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы интернет-алаяқтық әрекеттерін жүйелі түрде жүзеге асырып келген. Алдын ала мәліметтер бойынша 120-дан астам адам қаскөйлердің құрбаны болған, келтірілген жалпы материалдық шығын 85 млн теңгеден асады.
«Қаскөйлер әлеуметтік инженерияның заманауи тәсілдерін қолданған. Олар байланыс операторларының, банктердің, құқық қорғау органдарының және мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері ретінде өздерін таныстырып, азаматтарды смартфондарына зиянды қосымшаларды орнатуға көндірген. Құрылғыларға қашықтан қол жеткізгеннен кейін қылмыскерлер жәбірленушілердің қаражаты мен жеке деректерін жымқырған», – дейді Жандос Сүйінбай.
Халықаралық арнайы операция аясында санкцияланған сегіз тінту жүргізілген. Соның нәтижесінде екі элиталық автокөлік, 26 компьютер, 49 мобильді құрылғы, психологиялық ықпал ету бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтар мен сценарийлер, Қазақстан Республикасының рәміздері тәркіленген.
Тергеу олардың Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтықтың өзге де эпизодтарына қатысы бар-жоғын тексеруде.
Айта кететін жайт, Қазақстанда 909 адам киберқылмысқа қатысы бар деп танылып отыр.