Экономика

Қытай мұнай бағасының өсуін қалай тежеп отыр

Қытайдағы мұнай қоймалары / фото: gemini AI

Қытайдың мұнай нарығындағы белсенділігі айтарлықтай бәсеңдеді. Мамыр айындағы мәліметтерге сүйенсек, шикі мұнай импорты күніне шамамен 6,6 миллион баррельге дейін төмендеген. Бұл – сонау 2016 жылдан бері тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Құлдырау сәуір айында-ақ басталған болатын: ол кезде импорт көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда бірден 20%-ға азайып, күніне 9,37 миллион баррельге дейін түсіп кетті. Бұл 2022 жылдың шілдесінен бергі ең төменгі деңгей еді.

Кешегі қор – бүгінгі қалқан: 2025 жылмен салыстыру

Жағдайды толық түсіну үшін өткен жылдарға көз жүгіртейік. 2025 жылы Қытай өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнайды «қомағайлана» сатып алып, қорды барынша толтырған болатын. Ол кезде импорт көлемі күніне 11,6 миллион баррельге жеткен еді. Ал қазіргі болжамдар мүлде басқа: 2026 жылы Қытайдың шикі мұнай импорты орта есеппен күніне небәрі 10,9 миллион баррельді құрауы мүмкін. Бұл – 2022 жылдан бергі кез келген жылмен салыстырғандағы ең төменгі орташа көрсеткіш.

Толып тұрған қоймалар және нарықтағы жаңа ойын

Импорттың азаюына қарамастан, Қытайдың ішкі қоры ортаяр емес. Соңғы бірнеше апта ішінде мұнай қоры небәрі 20 миллион баррельге ғана азайып, 1,23 миллиард баррель деңгейінде сенімді тұрақтап тұр. Бұл 2025 жылдың басындағы көрсеткіштен әлі де 15%-ға жоғары.

Алдыңғы екі жылда Қытайдың мұнайды жаппай сатып алуы әлемдегі артық шикізатты жұтып, жаһандық бағаның құлдырап кетпеуіне тірек болған еді. Енді сол толық қоймалар керісінше жұмыс істеп жатыр: қордың көптігі нарықтағы сұранысты азайтып, бағаның одан әрі шарықтауына жол бермей отыр. Мұнай бағасы 30 сәуірдегі жағдай бойынша 93,4 долларға дейін түсті. Бұл бір апта бұрыңғы бағамен салыстырғанда -11,7 пайызға төмендеген.

Бүгінгі таңда әлемдік нарықта ұсыныстың айтарлықтай тапшылығы байқалады. Әдетте мұндай жағдайда баға шарықтап кетуі тиіс. Алайда, толық қамтамасыз етілген Қытай шикізатты аз сатып алу арқылы іс жүзінде мұнай бағасының өсуіне мықты шектеу қойып, жаһандық нарықтағы басты «тежегіш» рөлін атқарып отыр.

Айта кетейік, Келісім заңды түрде рәсімделгеннен кейін Ресей Қазақстан арқылы Қытайға мұнай жеткізу көлемін жылына 10 млн-нан 12,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.