СІМ блогер Қайсар Қамза қамауда отырғанын хабарлады

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеу жарияланған блогер Қайсар Қамза Вьетнамда қамауда отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың сөзіне сілтеп.
– Қолда бар ақпаратқа сәйкес, бұл азамат Вьетнам аумағында қамауда отыр. Қазіргі уақытта оны экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Экстрация Бас прокуратура құзыретінде және осы органдардан тиісті мәлімдеме болады, – деген Ерлан Жетібаев брифингте.
Сәуір айында іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталғаны хабарланған. Полиция сол кезде блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноның жарнамалық бейнематериалдарын орналастырып, пайдаланушыларды құмар ойындарға қатысуға тарту арқылы 100 млн теңгеден астам мөлшерде заңсыз табыс тапты деп мәлімдеген.
Артынша ол желідегі парақшасы арқылы бірнеше рет байланысқа шығып, өзін экстрадициялау мәселесі қаралып жатқанын жеткізген. Сөзінше, Вьетнамның миграциялық полициясы паспортын алып қойған, бірақ өзі бостандықта.
Ал бүгін ғана ҚазАқпарат блогерді елге қайтару мәселесі қаралып жатқаны, оны іздеу тоқтамағаны айтылған бас прокуратура мәлімдемесін жариялаған.