Жаңбыр, бұршақ, дауыл: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

Синоптиктер атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болып, жаңбыр жауып, найзағай күтілетінін хабарлады.
2 маусымда Павлодар облысында, 3 маусымда Атырау және Маңғыстау облыстарында, 3-4 маусымда Ақтөбе облысында, 4 маусымда Қостанай облысында қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғуы мүмкін.
Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі, ал оңтүстік-батыс пен оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы ықтимал.
Күндізгі ауа температурасы батыста +23…+28°С-қа дейін жоғарылайды. Солтүстік-батыста ауа температурасы +13…+26°С-қа дейін төмендейді. Солтүстік өңірлерде +25…+32°С-қа дейін, республиканың орталығы мен шығысында +27…+36°С-қа дейін жоғарылайды. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасы сәл төмендеп, +25…+35°С шамасында болады.
Қазгидромет бұған дейін маусым айында 46°С-қа дейін ыстық болатынын хабарлаған.