
iPhone 18 Pro-ға орнатылатын жаңа камера Apple компаниясына қазіргі камера модулінен кемінде 1,5 есе қымбатқа түседі. Бұл туралы танымал сарапшы Мин-Чи Куо мәлімдеді.
Жаңа камера модуліне байланысты iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max модельдерінің бағасы қымбаттауы мүмкін. Сарапшының айтуынша, реттелетін диафрагмасы бар камераның өзіндік құны қазіргі шешіммен салыстырғанда кемінде 1,5 есе жоғары болады. Бұл туралы Wylsa.com порталы жазды.
Камерада не өзгереді
iPhone 18 Pro және Pro Max смартфондарының негізгі камерасы айнымалы диафрагмасы бар оптикамен жабдықталады. Бұл жүйе түсірілімнің жарықтығын және фонның бұлдырау деңгейін бағдарламалық өңдеу арқылы емес, арнайы механикалық арнайы тетіктер көмегімен реттеуге мүмкіндік береді.
Мұндай технологияның жұмыс істеуі үшін арнайы электр механизмі қажет. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы механизм камера модулінің қымбаттауына негізгі себеп болып отыр.
Камера модулінің құны қаншаға өседі
Мин-Чи Куоның бағалауынша, жарық мөлшерін реттей алатын жаңа камера модулінің өндірістік құны қазіргі нұсқамен салыстырғанда кемінде 1,5 есе артады.
Алайда бұл өсім тек камера компонентінің өзіндік құнына қатысты. Смартфонның дүкендегі соңғы бағасы міндетті түрде соншаға қымбаттайды деген сөз емес. Өнімнің түпкілікті бағасын Apple компаниясы өзінің пайда мөлшері мен нарықтық стратегиясын ескере отырып белгілейді.
Бағаның өсуіне әсер ететін қосымша факторлар
Жаңа камерадан бөлек, Apple тағы екі маңызды мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Олар:
- жад чиптері нарығындағы тапшылық салдарынан компоненттердің қымбаттауы;
- NVIDIA компаниясымен TSMC зауыттарының өндірістік қуаттары үшін бәсекенің күшеюі.
Сарапшылардың айтуынша, бұл факторлар тек камераның емес, жалпы iPhone желісінің өндірістік құнына әсер етеді.
Apple бағаны бұрынғы деңгейде ұстап қалғысы келеді
Мин-Чи Куоның пікірінше, Apple компаниясы iPhone 18 Pro желісінің бағасын қазіргі деңгейде сақтауға ниетті.
Компанияның мақсаты – жад чиптерінің тапшылығына байланысты өзге өндірушілер флагмандық смартфондарының бағасын көтеруге мәжбүр болып жатқан кезеңде нарықтағы үлесін арттыру.
Apple бұл жоспарын жүзеге асыра ала ма, жоқ па, ол алдағы бірнеше айда өтетін ресми таныстырылымнан кейін белгілі болады.
Айта кетейік, Apple iPhone 18 Pro модельдерін қыркүйек айында таныстырады деп күтіліп отыр. Ал iPhone 18 және iPhone 18e шамамен 2027 жылдың наурызында алғаш рет сатылымға шығуы мүмкін.