Роман Скляр «Бәйтерек» директорлар кеңесі құрамынан шығарылды

Президент Әкімшілігінің басшысы, бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған Роман Скляр «Бәйтерек» ұлттық холдингінің директорлар кеңесі құрамынан шығарылды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы (KASE) сайтында жарияланған хабарламада айтылған.
Мәліметке сәйкес, тиісті шешімді холдингтің жалғыз акционері 2026 жылғы 15 мамырда қабылдаған. Роман Скляр Президент Әкімшілігінің басшысы қызметіне 5 мамырда тағайындалған болатын.
Оның орнына «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесіне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев кірді.
Нұрлыбек Нәлібаев мемлекеттік қызметке келгенге дейін мұнай-газ саласында және мұнай өнімдері саудасы бағытында еңбек еткен. 2005 жылдан бастап мемлекеттік қызметке ауысып, Шиелі ауданы әкімінің, Қызылорда қаласының әкімі және Қызылорда облысы әкімі қызметтерін атқарған.
2026 жылғы 6 мамырда ол ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
Өзгерістер енгізілгеннен кейін «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесі 10 мүшеден тұрады. Кеңес төрағасы – Олжас Бектенов.
Нұрлыбек Нәлібаевтан бөлек, директорлар кеңесінің құрамына Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Президенттің көмекшісі Нұрлан Байбазаров, қаржы министрі Мәди Такиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, сондай-ақ тәуелсіз директорлар – Дэниель Алан Витт, Мэри-Элен Берар және Норберт Манфред Грундке кіреді.