Абай тұрғыны «псих» екенін жүргізуші куәлігін ауыстырғанда білген

Абай тұрғыны психиатриялық есепте тұрғанын жүргізуші куәлігін ауыстырғанда білген.
Noks.kz ақпаратына қарағанда, Абай облысының тұрғыны жүргізуші куәлігін мемлекеттік қызметтер порталы арқылы ауыстырмақ болған кезде күтпеген жағдайға тап болды.
Тексеру барысында оның психикалық аурулар бойынша ұлттық тіркелімде есепте тұрғаны анықталған.
Осыдан кейін азамат медициналық мекемеге жүгініп, өзін тіркелімнен шығаруды талап еткен. Медициналық ұйым өкілдері оны есепке қою қателікпен және қажетті медициналық тексерусіз жүргізілгенін мойындаған. Алайда амбулаториялық картаның жоқтығын және дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өту қажеттігін алға тартып, мәліметтерді өшіруден бас тартқан.
Содан кейін тұрғын сотқа жүгінген. Істі қараған Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматты психиатриялық есепке қою заңсыз болған деген қорытындыға келді.
Сот барысында жауапты тараптар ер адамның психиатриялық көмекке жүгінгенін, тиісті медициналық тексеруден өткенін, клиникалық бақылауда болғанын немесе мұндай медициналық көмек алуға келісім бергенін дәлелдейтін құжаттарды ұсына алмаған.
Мұның алдында Абай облысында 75 балабақша қызметкерінің жеке дерегі тарап кеткен еді.