Әлем чемпионаты алдындағы сынақ: Өзбекстан құрамасы Канадаға есе жіберді

Халықаралық жолдастық кездесу аясында Өзбекстан ұлттық құрамасы Канада футболшыларымен күш сынасып, 2:0 есебімен жеңіліп қалды.
Дүниежүзілік доданың қарсаңында ұйымдастырылған матч қос ұжым үшін де маңызды дайындық кезеңі болды. ФИФА рейтингінде 30-орында тұрған Канада құрамасы кездесуде өздерінің фаворит екенін дәлелдей білді. Ал рейтингте 50-сатыға жайғасқан Өзбекстан құрамасына бұл ойын қателіктерімен жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік берді.
Бірінші тайм
Алғашқы минуттардан-ақ алаңда тартысты әрі дөрекілеу ойын басталды. Матчтың небәрі 2-минутында өзбекстандық Ғаниев сары қағаз алса, 9-минутта оның командаласы Сайфиев те төрешінің ескертуіне ілікті. Көп ұзамай, 23-минутта Өзбекстан сапында ойыншылар ерте алмасып, Ғаниевтің орнына алаңға Файзуллаев шықты.
Бірінші таймның соңына қарай канадалықтар да дөрекілік танытып, Л. Миллар (40′) пен Д. Корнелиус (43′) сары қағаз алды. Алғашқы 45 минутта қос команда да қақпаға көздеп доп сала алмай, үзіліске 0:0 есебімен аттанды.
Екінші тайм: Канаданың басымдығымен өтті
Екінші тайм басталмас бұрын Канада құрамасының бапкерлер штабы бірден 7 ойыншыны ауыстырып, алаңға жаңа серпін берді. Ойынның 58-минутында алаңға жаңадан қосылған Т. Олувасейидің пасынан кейін Дж. Озорио есеп ашып, Канаданы алға шығарды. Матчтың негізгі уақыты аяқталып, төреші қосқан қосымша минуттарда (90+1′) Канада командасы екінші голын соқты. Тағы да Т. Олувасейи нәтижелі пас беріп, бұл жолы М. Нельсон мергендік танытты.
Өзбекстан құрамасы екінші таймда А. Мозговой, Ж. Урозов, А. Аманов, И. Сергеев және С. Эсанов секілді ойыншыларды шығарып, таразы басын теңестіруге тырысқанымен, Канада қорғанысын бұза алмады.
Айта кетейік, футболдан Әлем чемпионаты 11 маусым күні басталады. Өзбекстан құрамасы топтық кезеңде Португалия, Колумбия және ДР Конго құрамаларымен кездеседі.