Ақтауда ерекше баланың денесі балабақшадан көгеріп келген

Ақтауда ерекше баланың анасы ұлының денесіндегі көгерген іздердің неден пайда болғанын анықтауға тырысып жүр.
Lada ақпаратына қарағанда, төрт жасқа толмаған Әмір есімді бала дамуында кешеуілдеу және аутизм спектрінің бұзылысы диагнозымен №6 түзету балабақшасына барады. Анасы Гауһар Ахмадиева 18 мамыр күні баласының арқасынан саусақ ізіне ұқсайтын көгерген жерлер мен гематомаларды байқап қалған.
Оның айтуынша, соңғы уақытта баласы мазасызданып, жиі жылай бастаған. Денесін шымшығандай әрекет жасап көрсеткен. Бұрын мұндай әдеті болмаған. Осыдан кейін анасы балабақшада балаға күш қолданылуы мүмкін деген күдікке келіп отыр.
Дәрігерлер баланы тексеріп, көгерулердің сыртқы әсерден пайда болғанын растаған. Алайда рентген сүйектердің аман екенін көрсеткен.
Анасы балабақшадағы бейнебақылау жазбаларын сұратса, мекеме басшылығы қатқыл диск толып қалғандықтан жазба сақталмағанын айтқан. Кейін дискіні тазарту үшін IT бөліміне жібергендерін хабарлаған.
Гауһар Ахмадиева полицияға арыз жазған. Алайда оның айтуынша, тергеу белсенді жүргізілмеген. Ал Маңғыстау облыстық полиция департаменті арыздың Білім басқармасына жолданғанын мәлімдеді.
Балабақша әкімшілігі мұны жоққа шығарып отыр. Баланың жұма күні үйіне ешқандай көгерусіз қайтқанын алға тартып отыр. Мекеме директоры Ұлболсын Юлдашева тәрбиешілердің балаларға қол көтермейтініне сенімді екенін айтқан. Алайда оларға тәртіптік жаза қолданылған. Сондай-ақ баланы басқа топқа ауыстыру туралы шешім қабылданған.
Айта кететін жайт, Павлодарда екі жастағы 16 сәбиді азаптаған балабақша қызметкері сотталды.