
Алдағы жұма, 5 маусымда, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Halyk Finance сарапшылары реттеуші инфляциялық тәуекелдер әлі де жоғары екенін алға тартып, мөлшерлемені қазіргі 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдыратынын болжап отыр.
Мамыр айындағы статистика инфляция құрылымының айтарлықтай өзгергенін көрсетті. Жылдық инфляция 10,4%-ға дейін баяуласа, айлық көрсеткіш сәуірдегі 0,8%-дан 0,7%-ға төмендеді. Бұл ретте басты рөлді маусымдық көкөністер мен жемістердің арзандауы ойнап, азық-түлік бағасының өсу қарқынын айтарлықтай тежеді. Алайда тауарлар нарығындағы жағымды жаңалықты ақылы қызметтер мен тарифтердің қымбаттауы жуып-шайып кетті.
Дегенмен қаржы сарапшылары Ұлттық Банкте ақша-несие саясатын аздап болсын жұмсартуға өте қолайлы мүмкіндік пайда болғанын айтады.
Шегініс жасауға неге қорықпау керек?
Сарапшылардың пікірінше, қазір базалық мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа, яғни 17,75%-ға дейін сақтықпен төмендетуге толық негіз бар әрі бұл экономикаға кері әсер етпейді.
Біріншіден, жоғарыда айтылғандай, қазіргі инфляция монетарлық емес факторлар – мемлекет реттейтін тарифтердің өсуіне тікелей байланысты. Базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қанша қатаң ұстап тұрсақ та, ол жарық пен судың тарифін арзандата алмайды.
Екіншіден, соңғы айларда ұлттық валюта айтарлықтай нығайды, оның беріктік қоры жеткілікті. Мөлшерлемені 17,75%-ға түсіру теңгені әлсіретпейді, қайта бағамның шамадан тыс нығайып кетпей, қалыпты деңгейде тұруына көмектеседі. Ең бастысы, қадам нарықты арзан ақшаға толтыратын күрт жұмсарту емес, шынайы экономикалық жағдайды ескеретін ұқыпты техникалық түзету болмақ.
Еске сала кетейік, сәуірде бас банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешім шығарып, негізгі көрсеткішті төртінші рет 18,0% деңгейінде өзгеріссіз қалдырған болатын.