Еңбек министрлігі Burger King-ке 1 млн теңге айыппұл салған

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бүгін үкімет отырысынан кейін журналистер алдына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев шықты. Ол жыл басында дау болған Burger King-ке қатысты пікір білдірді.

Мәселенің мән-жайы

Еске салайық, жыл басында әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратай Burger King-тің Алматыдағы бөлімі аутизм диагнозы қойылған 27 жастағы ұлы Әлібекті себепсіз жұмыстан шығарды деп шағымданған еді. Бұл оқиға үлкен шу болып, көпшілік танымал желіні сынға алды. Компания болған жағдайға қатысты екі қызметкерін жұмыстан шығарды.

Дауға еңбек министрлігі араласып, тексеру жүргізетінін мәлімдеген.

Миллион теңге айыппұл

Іске қатысты еңбек министрі Асқарбек Ертаев пікір білдіріп, сол шу кезінде Әлібектің ата-анасынан арыз жазуын екі апта күткенін айтты. Яғни оның сөзінше, зардап шеккендер әлеуметтік желіде резонанс тудырғанмен, ресми арыз түсірмеген.

«Біз оның арыз жазуын екі апта күттік. Әлеуметтік желіде шулатып, дау болған еді. Бірақ ресми түрде арыз жазуын екі апта сұрадық. Ата-анасы кейінірек байланысты, арыз жазды, біз ол мекемеге бір миллион теңге айыппұл салдық. Белгілі бір деңгейде заң бұзушылықтар анықталып, оған қатысты ескерту жіберілді. Қазір оның барлығы реттелді», – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Осы тұрғыда министр мүмкіндігінше еңбек инспекциясына хабарласып, заңды түрде өтініш жазу керек екенін ескерте кетті.

Сондай-ақ оқыңыз