Каспий жағалауынан өлі итбалықтар мен бекірелер табылды

Маңғыстау облысының Экология департаменті Баутино кентіндегі Каспий теңізінің жағалауынан өлі итбалықтар мен бекіре балықтарының денелері табылғанын хабарлады.
Өлі жануарлар мен балықтар 1 маусымда табылды. Баутино кентіндегі су тұщыту зауытының маңындағы жағалау учаскесінен 20 итбалықтың және бекіре тұқымдас сегіз балықтың өлексесі табылып отыр.
2 маусымда өңірлік Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласының теңіз жағалауынан су сынамаларын алды.
Алынған сынамалардың талдау нәтижелері кейінірек хабарланады.
Сәуір айының ортасында осы ауданнан 200-ге жуық өлі итбалық, ал мамыр айында тағы 35-ке жуығы табылған болатын. Ол кезде су сынамаларының нәтижесі бойынша ластаушы заттар анықталмаған еді.