Кипрмен әуе қатынасы ашылады

Air Astana әуе компаниясы 2 маусымнан бастап Астана – Ларнака бағыты бойынша жаңа әуе қатынасын ашады.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, халықаралық әуе бағыттарының географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ 4 маусымнан бастап әуе компания Алматы – Ларнака бағыты бойынша рейстерді іске қосады.
Рейстер әрбір бағыт бойынша аптасына 2 рет жиілікпен Airbus A321LR үлгісіндегі әуе кемелерімен орындалады.
Министрліктің мәліметінше, әуе қатынасын іске қосу елдер арасындағы іскерлік, сауда-экономикалық және туристік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етпек.
Айта кететін жайт, Қазақстандық FlyArystan лоукостері Астана – Батуми бағыты бойынша алғашқы рейсін орындады.