Петропавлда кабинетінен 15 мың доллар табылған судьяға шыққан үкім өзгерді

Петропавлда сотталған бұрынғы судьялар үкімге шағым түсіріп, жаза мерзімін азайтты.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бұрынғы төрағасы Бекбол Баймаханов пен Петропавл қаласы №2 сотының бұрынғы төрағасы Ерлан Ибраев алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Олармен бірге алматылық заңгер Артем Иванов пен өңірге танымал екі кәсіпкер де істі болды.
Судья Бекбол Баймаханов 8 жылға сотталды. Екінші судья Ерлан Ибраев 6 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, 2024 жылы заңгер Иванов Баймахановтың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың төрағасы екенін біле тұра және қызметіне байланысты сот актісіне ықпал ете алатынын біліп, 20 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы түрінде пара ұсынған. Ал судья «Новосветловка-Алиби» ЖШС-ның жер пайдалану құқығын тоқтату туралы және Коллекторлық агенттік пайдасына сот актісін шығарғуға ықпал етуге тиіс болған.
Содан кейін екеуі сот дауларын 50 000 АҚШ долларға (24 031 500 теңге) шешуге келіскен. Оның ішінде 20 000 АҚШ доллары (9 612 600 теңгеге баламалы) – бірінші сатыдағы сот, ал 30 000 АҚШ доллары (14 418 900 теңге) – апелляциялық саты ақысы деп белгілеген.
Араға біраз уақыт салып, Иванов судья Омаровқа әрі қарай судья Баймахановқа беруі үшін пара ретінде 15 000 АҚШ долларын (7 869 900 теңгеге баламалы) берген. Қалған 35 мың долларды 2025 жылдың қаңтарында беретінін айтқан.
Осыдан кейін судья Омаров Ивановтан алған 15 мың долларды ҰҚК-ның сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына тапсырған. Купюралардың нөмірі тіркелгеннен кейін ақшаны судья Баймахановқа апарып берген.
ҰҚК операция кезінде судья Бекбол Баймахановтың кабинетінен 15 мың АҚШ долларын (7,4 млн теңге) тапқан.
Апелляциялық сот шешімімен 2026 жылдың 20 мамырында Баймахановқа шыққан үкім өзгеріп, экс-судья түпкілікті 7 жылға сотталды.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының Ольшанка ауылында түзеу мекемесінің бұрынғы бастығына қатысты үкім шықты.