Қайрат Боранбаевтың мұнай компаниясы ҚазМұнайГаз иелігіне өтті

Миллионер Қайрат Боранбаевтың бұрынғы компаниясы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының иелігіне өтті. Кезінде істі болған кәсіпкер Маңғыстаудағы ірі активті 2023 жылы мемлекетке өткізген.
Қаражанбас мұнайын игеретін компания
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тағы бір активке ие болды. Бұл жолы оның меншігіне «Phystech II» мұнай-газ компаниясы өтті. Ол Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында 2078 жылға дейін мұнай мен газ өндіру құқығына ие. Компанияның бас кеңсесі Ақтау қаласында орналасқан.
ҚМГ тағы бір активке ие болғаны туралы мәліметті Қаржылық есептілік депозитарийіне жолдаған. Ақпаратта «Phystech II» ұлттық компания меншігіне 2026 жылғы 29 мамырда өткені айтылған. Бірақ мәлімет бүгін ғана жарияланып отыр.
Назарбаевтың құдасы
«Phystech II» компаниясы 2015 жылы тіркелген. Ол Маңғыстау облысында мұнай кен орнын игеру мақсатында құрылған. Ал Боранбаев соның негізін қалаушылардың бірі. Содан екі жыл бұрын – 2013 жылы кәсіпкердің қызы Әлима экс-президенттің немересі Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан. Боранбаев пен Нұрсұлтан Назарбаев құда болып келеді.
Кәсіпкер сол кезде мұнай активін өз атына емес, «ҚазТурбоРемонт» холдингіне тіркеген. Миллионер оның игілігін сегіз жыл бойы – 2023 жылға дейін көрді. Сол жылы Боранбаев істі болғаны мәлім. Өйткені кәсіпкер 2022 жылғы наурызда тұтқындалған.
Бір жылдан соң – 2023 жылғы наурызда Боранбаев екі түрлі айыппен сегіз жылға сотталды. Сот оны «ірі көлемде қаражат жымқырды», «қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды» деп таныды.
Алайда сол жылдың қыркүйегінде Астанадағы сот үкімді алты жылға дейін қысқартқан. Сол кезде судья оның мемлекет шығынын толық өтеп, активтерді қайтарғанын ескерген. Ал қараша айында Боранбаев бостандыққа шықты. Себебі сот оның түрмедегі мерзімін бостандықты шектеу жазасына ауыстырған.
Қолдан қолға өткен актив
Боранбаевтан мемлекетке өткен активтердің арасында «Phystech II» компаниясы да бар. 2023 жылы актив 35,4 млрд теңгеге бағаланған. Сол жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры компанияны Қаржы министрлігінен 8,1 млрд теңгеге сатып алған.
Қазақстан қор биржасында (KASE) «PHYS« тикерімен тіркелген компания акцияларының 100%-ы осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазынаға» тиесілі болып келді. KASE мәліметінше, «Phystech II» мұнай-газ компаниясының жиындық активтері – 11,7 млрд теңге. Енді ол ҚазМұнайГаз-ға өтіп отыр. Осылайша ұлттық компания активтерінің жалпы саны 66-ға жетті.