Қостанайда білім бөлімінің басшысы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді

Қостанай облысында қала мектептеріне бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Қостанай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының іс жүргізуінде Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты іс қаралуда.
1 маусымда тергеу аясында лауазымды тұлғалардың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша тінту жүргізілді.
Дәл осы күні ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева ұсталды.
Ведомство тергеу амалдарының жалғасып жатқанын атап өтті. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.