Lifestyle

«Шартым бар»: Мейірман Шекеев депутат бола ма

Мейірман Шекеев / фото: kursiv.media

Соңғы уақытта қоғамда аты жиі аталып, халықтың құқықтық мәселелерін шешуде белсенділік танытып жүрген белгілі заңгер Мейірман Шекеев депутаттыққа бара ма?» деген сұрақ көп қойылып жүр. Көпшілікті мазалаған сұраққа Мейірман Шекеев Qazaqordasy арнасына берген сұхбатында жауап берді.

Заңның қисықтығымен күрес

Сұхбат барысында заңгер өзінің негізгі мақсаты мансап немесе лауазым емес екенін баса айтты. Ол үшін ең басты мәселе елдегі заңдардың әділдігі мен халықтың мүддесіне қызмет етуі.

«Мен бұрын саясатпен айналыспаймын деп айтатынмын. Бірақ мен заңның қисықтығымен күресуден шаршадым. Егер мен парламентке барсам, қазаққа, халыққа пайдасын тигізетін заңдар шығару үшін барамын», – деді Мейірман Шекеев.

Мейірман Шекеев депутаттық мәртебеге, атақ-даңққа немесе депутаттық төсбелгіге қызықпайтынын ашық жеткізді. Ол тіпті өзінің қарапайым халық арасында жүріп-ақ үлкен жұмыстар атқара алатынын дәлелдегенін алға тартты.

Заңгер депутаттыққа бару үшін өзіне белгілі бір жағдайлар мен еркіндіктер берілуі тиіс екенін атап өтті. Егер парламент қабырғасында тек «қол қоюшы» болып отыру қажет болса, ондай қызметтен бас тартатынын кесіп айтты.

«Егер шақырса шарт олар да ғана емес, менің де шартым болуы керек. Өйткені Парламент қабырғасына барғаннан кейін маған сөйлеу құқығын, мүмкіндігін бермейтін болса, мен бармаймын. Жоқ, егер еркіндік беретін болса, заң шығаруға барамын. Халық үшін барамын. Халық қолдайтын болса барамын», – деді ол.

Мейірман Шекеев қазіргі парламентте санаулы ғана депутаттар оның ішінде Бақытжан Базарбек, Мұрат Әбенов, Асхат Аймағамбетов, Абзал Құспан сияқты азаматтардың нақты заң жазып, жұмыс істеп жатқанын көріп отырғанын айтты.

Заңгер егер халықтың қолдауы болып, парламентте шын мәнінде халыққа тиімді заңдар шығаруға және ашық сөйлеуге толық еркіндік берілсе, депутаттыққа баруға бел шешіп, дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Мейірман Шекеев Алматының әл-Фараби даңғылында үш адам қайтыс болған жол апатына қатысты сотта жәбірленуші тараптың құқығын қорғап жатыр.