Экономика

Ұлттық банк 25 млн доллар инвестиция салған Anthropic IPO-ға шықпақ

Ұлттық банкі инвестициясы / фото: gemini AI

Қазақстанның Ұлттық Банкі кезінде 25 миллион доллар инвестиция салған жасанды интеллект алыбы – Anthropic компаниясы АҚШ-та IPO-ға шығу үшін құпия түрде өтінім берді. Бұл Уолл-стриттегі жасанды интеллект дүрбелеңінің нағыз тарихи бетбұрысы болуы әбден мүмкін.

Reuters дереккөздерінің мәліметінше, жақын апталарда OpenAI да құпия түрде АҚШ-та IPO-ға өтінім беруге дайындалып жатыр

Бүкіл әлем бойынша кеңсе қызметкерлерінің жұмысын түбегейлі өзгерткен AI революциясына инвесторлардың тәбеті қаншалықты зор екені енді нағыз сыннан өтпек. Әйгілі Claude чат-ботын басқаратын Anthropic әзірге акциялардың көлемі мен шарттарын құпия ұстап отыр. Дегенмен, компания мамыр айының соңында 65 миллиард доллар инвестиция тартып, өзінің жалпы құнын 965 миллиард долларға жеткізген болатын. Осылайша ол өзінің басты бәсекелесі OpenAI-ды басып озды.

Anthropic пен OpenAI корпоративтік стратегияларды қайта жазып, есептеу қуаттылығы мен мықты мамандар үшін жаһандық жарысты бастаған AI бумының басты бет-бейнесіне айналды.

Қор нарығындағы тарихи бұрылыс және триллион долларлық бәсеке

Ақпан айында 30 миллиард доллар қаржы тартып, құны 380 миллиард долларға бағаланған Anthropic-тің қазіргі бағасы небәрі бірнеше ай ішінде екі еседен астам өсіп кетті.

Еске сала кетейік, Ұлттық қорды басқаратын Ұлттық банк Anthropic компаниясына инвестиция салған. 2025 жылдың соңында компанияның құны 183 млрд доллар болып тұрғанда, Ұлттық қордан 25 млн доллар бөлінді.