Алматыда жолаушы такси жүргізушісін ойыншық тапаншамен кепілге алған

Алматыда такси жүргізушісін ойыншық тапаншамен кепілге алмақ болған адам ұсталды.
Kriminal Kazakhstan ақпаратына қарағанда, 3 маусым күні кешке Жетісу ауданында «Kia» көлігі патрульдік полиция экипажының жанына тоқтаған. Көліктен жүгіріп шыққан жүргізуші тәртіп сақшыларынан көмек сұраған.
Белгілі болғандай, артқы орындықта отырған жолаушы тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, өзін қала маңындағы ауылдардың біріне жеткізуді талап еткен.
Полиция қызметкерлері көлікті дереу қоршауға алып, күдіктіні ұстады. Кейін оның қолындағы қаруға ұқсас зат ойыншық тапанша екені анықталды.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қызығы, жүргізуші болған жағдайды камера алдында баяндап тұрған кезде оның көлігіне BMW көлігі келіп соғысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, BMW жүргізушісі оқиғаға алаңдап, жол жағдайына назар аудармай қалғандықтан.
Айта кететін жайт, Қазақстанда такси қауіпсіздігін бақылау күшейтіледі. Тасымалдаушылардың хабарлама беру ережесіне өзгеріс енгізілді.