Жаңалықтар

BINOM неліктен бірінші сынып оқушыларын қабылдамай жатыр

BINOM неліктен бірінші сынып оқушыларын қабылдамағанын түсіндірді
BINOM неліктен бірінші сынып оқушыларын қабылдамағанын түсіндірді /фото: gov.kz

BINOM мектептер желісінің әкімшілігі 2026-2027 оқу жылына бірінші сынып оқушылары қабылданбай жатыр деген ақпаратқа пікір білдірді.

Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, бірінші сыныпқа өтінім қабылдау жүргізілген. Алайда орындар қабылдау басталған алғашқы минуттарда-ақ түгелдей толып үлгерген. Соған байланысты резервтік тізім ашылған. Мектепке қабылдау тұрғылықты жер бойынша жүргізілгенімен, орынның тапшылығынан баланың автоматты түрде оқуға түсіп кетуіне кепілдік жоқ.

Ресми түсініктемеде орыс сыныптарына деген сұраныс орын санынан бірнеше есе жоғары екені ерекше атап өтілген.

«Мектептегі жалпы сынып жиынтығының тек 20%-ға жуығы орыс сыныптарының үлесіне тиесілі. Осы себепті өтініштерді қабылдау басталған алғашқы минуттарда-ақ бұл сыныптардағы бос орындар толығымен толып үлгереді.

Бірінші сыныптарға орын толық үлестіріліп қойған мектептерде қазіргі уақытта резервтік тізім ашылды. Ата-аналар өтініш беріп, күту кезегіне тұра алады», – деп түсіндірді BINOM School өкілдері.

Резервтік тізімдегі оқушылар мектептен орын босаған жағдайда кезек-кезек қабылданады. Бос орын пайда болған сәтте ата-аналарға белгіленген тәртіппен хабарлама жіберіледі.

Айта кетейік, Астанада бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 27 мамыр күні сағат 09:00-де басталған.

Бұған дейін еліміздегі өңірлер бойынша мектептерге құжат қабылдау кестесі жарияланған еді.