Биыл Астанада миллионнан астам ағаш отырғызылады

Биыл Астанада миллионнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Көгалдандыру кампаниясы аясында елордада 70 мың ағаш, 250 мыңнан астам көпжылдық гүл және 500 мың бұта егіледі.
Қалалық инфрақұрылымды дамыту аясында абаттандыру жұмыстары қаланың басты магистральдарын қамтиды.
24kz арнасының жазуынша, олардың қатарында Қалдаяқов, Кенесары көшелері мен Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр, Бауыржан Момышұлы, Қошқарбаев және Ұлы Дала даңғылдары бар.
Биылғы инфрақұрылымдық жобалардың басты тренді – жаяу жүргіншілер үшін кедергісіз орта құру. Сондай-ақ «Мыңжылдық» аллеясы мен Greenline гүлзары сияқты ірі нысандар басымдыққа ие. Жедел мәліметтерге сәйкес, бекітілген 170 қоғамдық кеңістіктің 30%-дан астамында жұмыс аяқталған.
Елордалық урбанистика және көгалдандыру процесіне жеке капитал мен құрылыс салушылар белсенді тартылып жатыр. Бизнес өкілдері мен құрылыс салушылардың есебінен соңғы үш жылда қалалық жасыл желектердің саны 2,5 есеге артты.
Астана қаласы Урбанистика орталығы директорының орынбасары Гүлнұр Иманбекованың түсіндіруінше, қазіргі уақытта тұрғын үй нысандарын қабылдау талаптары күшейтілген.
«Тұрғын үй кешені пайдалануға берілмес бұрын, міндетті түрде егжей-тегжейлі дендрожоспар жасалып, Урбанистика орталығының келісімінен өтеді. Біз көгалдандыру ведомосын толықтай ғылыми тұрғыдан сараптаймыз. Нәтижесінде елорданың қатаң климаттық жағдайларына жерсінбейтін және шығынды көп талап ететін өсімдік түрлері жобадан толық шығарылады», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Президент мектептерде «жасыл сабақтар» жобасын енгізуді тапсырған еді.