Банк пен қаржы

Freedom Франциядан банк лицензиясын күтіп отыр

Freedom Bank Франция
Серикжан Ковланбаев, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Freedom Holding Corp. Францияда банк лицензиясын алуға өтінім берді. Еуропалық экспансия аясында холдинг цифрлық банкті құру мен жергілікті инфрақұрылымды дамытуға 500 млн еуро бағыттауды жоспарлап отыр. Ақпаратты Reuters агенттігіне берген сұхбатында холдингтің бас атқарушы директоры Тимур Турлов растады.

«Біз Францияның банк реттеушісіне банк лицензиясын алу үшін құжаттар тапсырып қойдық әрі жақын арадағы бес жыл ішінде цифрлық банкті дамытуға, цифрлық инфрақұрылымды құруға құюға дайын 500 миллион еуро көлеміндегі инвестициямыз туралы жарияладық», – деді Турлов.

Тимур Турлов Facebook-те Freedom ACPR-ге банк ретінде тіркелу үшін құжаттар тапсырғанын айтты.

«Бұл – Еуропалық Орталық банкпен бірлесіп жұмыс істейтін франциялық пруденциалдық реттеуші. Франциядағы банк лицензиясы – бүкіл ЕО нарығына жол ашатын еуропалық төлқұжатпен тең. Бізге дәл осы қажет», – деп атап өтті ол.

Компания басшылығы Еуропалық Одақтағы қаржылық қатысуды кеңейту жоспарын бұған дейін де талқылаған. 2026 жылдың сәуір айында Freedom Finance Europe атқарушы директоры Евгений Тяпкин құрылым Франциядан банк сатып алу мүмкіндігін белсенді түрде зерттеп жатқанын мәлімдеген.

«Біз классикалық брокер шеңберінен шыққымыз келеді. Еуропадағы өсудің келесі кезеңі дәстүрлі брокерлік бизнесті дамыту ғана емес, оның айналасындағы бүкіл клиенттік экожүйені кеңейту екенін көріп отырмыз. Бұл тұрғыда әңгіме бірнеше бағыт туралы болып отыр, оның біріншісі – банк қызметтері», – деді ол.

Түркия мен Тәжікстан

Банк бағытын күшейту – холдингтің халықаралық цифрлық экожүйені құру бойынша жаһандық стратегиясының бір бөлігі. 2026 жылғы наурызда Turkish Bank A.Ş. акцияларының 99,32%-ын сатып алу мәмілесі туралы жарияланған. Активті сатушылар қатарында Özyol Holding инвестициялық холдингі мен National Bank of Kuwait құрылымы бар. Холдинг басшылығының мәлімдемесіне сәйкес, холдинг таяу бірнеше жылда Түркия аумағында банк пен брокерлік операцияларды дамытуға шамамен 300 млн доллар салуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, корпорация ТМД нарықтарындағы ықпалын кеңейтуде. 2024 жылдың қазан айында Freedom жергілікті реттеушіден ресми лицензия алып, Тәжікстанның қаржы нарығына шықты.

Жақында холдинг 2026 қаржы жылына арналған есепті жариялады. NASDAQ биржасына шыққан сәттен бастап Freedom Holding Corp. түсімі 26 еседен астам өсіп, 2,19 млрд долларға жетті. Холдингтің таза пайдасы өткен жылмен салыстырғанда екі есе артып, 76,2 млн доллардан 153,3 млн долларға дейін ұлғайды. Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов экожүйені дамытуға бағытталған ауқымды инвестицияларға қарамастан, топ жылды жоғары қаржылық нәтижелермен аяқтай алғанын атап өтті.

Freedom Holding Corp. – Тимур Турлов негізін қалаған халықаралық қаржылық холдинг. Компания АҚШ-та тіркелген, NASDAQ биржасында FRHC тикерімен саудаланады. Топ 20-дан астам елде жұмыс істейді әрі брокерлік бизнес, банк қызметтері, сақтандыру, төлем шешімдері мен онлайн бөлшек өнімдерді қоса алғанда, қаржылық және цифрлық сервистер экожүйесін дамытып келеді. Холдинг үшін негізгі нарық ретінде Қазақстан қалып отыр.