Қазақстанда AliExpress, Amazon және Temu-дан зат сатып алу ережесі өзгереді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қазақстанда AliExpress, Amazon және Temu-дан зат сатып алу ережесі өзгереді
AliExpress, Amazon және Temu-дан зат сатып алу ережесі өзгереді/ Фото: shuttertock

Қазақстан заңнамасына интернет арқылы шетелден тауар сатып алудың жаңа ережелері енгізіліп жатыр. Енді шетелдік маркетплейстерден тапсырыс берілетін өнімдерге міндетті баж салығы салынады.

Биылғы қаңтар айында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі шетелдік интернет-саудаға қатысты жаңа ережелерді бекітті. Өзгерістер Қазақстан тұрғындарының Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден, мысалы, Қытай, АҚШ және Еуропадан тапсырыс беретін тауарларына қатысты болып отыр. Бұған дейін Қазақстан бұл түзетулерді қолдаған еді.

Қазіргі уақытта жаңа нормаларды заң жүзінде бекіту жоспарланып жатыр.

Шетелдік интернет-саудада не өзгерді?

ЕАЭО-ның жаңа нормаларына байланысты шетелдік Amazon, AliExpress, Temu секілді сайттарда сауда ережелері айтарлықтай өзгереді.

Енді шетелдік интернет-дүкендерден тапсырыс берілген заттардың ешқайсысы «жеке пайдалануға арналған қарапайым тауар» деп есептелмейді. Олар «электрондық сауда тауарлары» болып бөлінді.

Бұл санат үшін мынадай қатаң талаптар енгізіледі:

  • Бөлек кедендік баж салығы;
  • Өз салығы;
  • Бөлек кедендік декларация.

Кедендік баж салығы енді қалай есептеледі?

Шетелден ЕАЭО елдеріне тауарларды бажсыз әкелу шегі 200 еуро (қазіргі бағам бойынша шамамен 114 000 теңге) деңгейінде қалады. Бірақ тапсырыстың құны бұл лимиттен асып кеткен жағдайда, есептеу принципі түбегейлі өзгереді.

Мәселен, құны 200 еуроға дейінгі тауарларға баж салығы төленбейді. Ал тауардың бағасы 200 еуродан асатын жағдайда сатып алушылар үшін ереже қатаңдатылды. Енді 5 пайыздық баж салығы бұрынғыдай лимиттен асқан айырмашылықтан емес, тауардың жалпы құнынан төленеді.

Жаңа ережелер не үшін енгізілді?

Бұған дейін шетелден жасалған сатып алулар «жеке пайдалануға арналған тауар» ретінде рәсімделіп келді. Бұл мүмкіндікті қарапайым сатып алушылар ғана емес, тауарды салықсыз тасып, қайта саудалайтын кәсіпкерлер де пайдаланған.

Салдарынан мемлекет салықтан қағылып, отандық сатушылар шетелдік интернет-дүкендермен салыстырғанда тиімсіз жағдайда қалды. Жаңа ережелер «электрондық сауда тауарлары» деген бөлек санат құру арқылы нарықта тең бәсекелестік орнатуды көздейді.

Айта кетейік, ЕуроОдақ Temu-ге 200 млн еуро айыппұл салған еді.

Сондай-ақ оқыңыз