Lifestyle

Төреғали Төреәлі мен Әміре балаларды оңалту орталығының «Ізгі ниет елшілері» атанды

Screenshot

Ұлттық балаларды оңалту орталығы (ҰБОО) ұйымдастырған халықаралық конференция аясында танымал әншілер Төреғали Төреәлі мен Ернар Сәдірбаев (Amre) орталық тарихында тұңғыш рет «Ізгі ниет елшісі» мәртебесімен марапатталды.

Бастама орталық тәжірибесінде алғаш рет жүзеге асып отырғандықтан, қоғам тарапынан «бұл нені білдіреді» деген сұрақтар қойылған.

Ұлттық балаларды оңалту орталығының директоры Ажар Ғинияттың айтуынша, елшілердің басты миссиясы ерекше қажеттіліктері бар балалардың мәселелеріне қоғам назарын аударту. Инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал ету.

«Танымал өнерпаздар шығармашылығы мен қоғамдық белсенділігі арқылы балаларға үміт сыйлап, әлеуметтік маңызы бар бастамаларға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Олардың бұл қадамы орталығымыздың миссиясын кеңінен танытуға және қоғамда мейірімділік пен жауапкершілік мәдениетін нығайтуға қосылған үлкен үлес», – деді Ажар Ғиният.

Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген БҰҰ ізгі ниет елшісі ретінде Бангладешке барған еді.