Баян Алагөзова Қыз Жібек қамзолын шығарып жатқанын мәлімдеді

Баян Алагөзова Қыз Жібектің қамзолын қайта киді. Бұл жолы продюсер жәдігерді жаңғыртып, қайта тігілген үлгісін киіп көрсетті.
Оның айтуынша, бұл қамзол қазір Аида Қауменованың сән үйінде тігіліп жатыр.
«Менің қамзолым өзіме қайта келді. Бұл жолы анық менікі… Шындығында, мен қазір Аида Қауменованың сән үйіндемін. Біз Қыз Жібектің киімін кең таратқымыз келеді. Тіпті, джинсымен де жарасымды көрінеді екен. Қазірдің өзінде заманауи көрінеді. Гүлфайруз Исмайылова жүз жыл алдын ойлаған», – деді продюсер.
Баян Алагөзова жақын арада Қыз Жібек қамзолының көшірмелерін кез келген бойжеткен сатып ала алатынын алға тартты.
«Біз (Қыз жібектің қамзолын) – өндіріске қостық. Аидажан (Аида Қауменова) әзірлік жұмыстарын жасады. Қазір соңғы жұмыстары жасалып жатыр. Шын мәнінде, қамзол айнытпай тігілген», – деді продюсер.
Аида Қауменованың айтуынша, қамзолдардың жағасы түпнұсқамен бірдей. Қаракүзен терісінен жасалған. Түсі де бірдей. Тек қана барқыт матасы винтажды. Түсі сәл өзгеше болғанымен, оюды да дәл сондай етіп таңдап алған. Қызыл моншақтары да өзгеріске түспеген.
Баян Алагөова қалыңдықтарға Аида Қауменованың сән үйіне келіп, тойға Қыз Жібектің қамзолын алуға шақырды.
Айта кететін жайт, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолдың тарихи құндылығы дәлелденсе, мемлекет оны музей қорларына қайтару үшін тиісті шараларды қабылдауға әзір екенін жеткізген еді.