Тоқаев: Қазақстандағы президенттік басқару Алтын Ордадан бастау алған

Мемлекеттік рәміздер күнінде президент Тоқаев Ту көтеру рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Ол қазақ тарихы үшін Алтын Орданың маңызын тағы бір еске салып, қазіргі президенттік басқару үлгісі бір кездердегі Шыңғыс хан ұрпақтары басқарған жүйеге ұқсас екенін айтты.
«Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады. Алтын Орданың ең басты мұрасы – оның мызғымас құндылықтары. Себебі алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті, дәстүрі бөлек адамдар ортақ ережелер аясында тату-тәтті өмір сүрді. Бабаларымыздың осындай тағылымды жолы біз үшін өшпес өнеге және басты стратегиялық бағдар болып қала береді», – деп атап өтті президент.
Ол Алтын Ордаға дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел деген баға берді.
Тоқаев Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимарат салынатынын да мәлімдеді.
Бұған дейін Астанада Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум өткен. Сол жерде сөз сөйлеген президент Орданың тарихи рөлін қайта қарау керек деген тапсырма берген.
Тағы оқыңыз: Ұлттық банк Алтын орда құрметіне монета шығарады